Күн сайын 137 әйел мен қыз өз серіктері немесе туыстарының қолынан қаза табады
Біріккен Ұлттар ұйымы әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың жаңа деректерін жариялады.
Астана, NEGE. БҰҰ деректеріне сәйкес, өткен жылы жалпы 83 мың қыз-келіншек қасақана өлтірілген. Олардың 60 пайызы, яғни, 50 мыңы – өз серіктестері немесе туыстарының қолынан қаза тапқан. Бұл орта есеппен әр 10 минут сайын бір адам, ал, тәулігіне орта есеппен 137 әйел мен қыз өлтіріледі деген сөз.
Салыстырмалы түрде, ер адамдардың 11 пайызы ғана серіктестері немесе туыстары тарапынан қаза табады екен.
Есепке сәйкес, гендерлік негізде жасалатын адам өлтіру фактілері әлемнің барлық өңірлерінде тіркеледі. Интимдік серіктестер немесе отбасы мүшелері тарапынан жасалатын қысымның ең жоғарғы көрсеткіші Африкада байқалады – 100 мың әйел мен қызға шаққанда 3 оқиға. Одан кейін Америка елдері (1,5), Океания (1,4), Азия (0,7) және Еуропа (0,5) орналасқан.
«Фемицид жайдан-жай пайда болмайды. Ол көбіне бақылау, қорқыту және қудалаудан, соның ішінде онлайн түрде басталатын ұзаққа созылған зорлық-зомбылықтың соңғы нүктесіне айналады», – деді «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі Сара Хендрикс.
25 қараша Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою халықаралық күніне орай «Белсенді әрекеттің 16 күні» атты науқан басталды.