7 июля 2021 г. 16:13

Бутиктің болашағы бар ма? Megaның жылдық табысы НЕГЕ 4 есеге қысқарды?

Фото:

«Mega» сауда ойын-сауық орталықтарын басқаратын «Mega Center Management» акционерлік қоғамының 2020 жылдың біріктірілген қаржылық есебі шықты. Басқаларға қарағанда карантиннен ең көп зардап шеккен сектор ретінде, Mega табысы 6 миллиард теңгеден 1,5 миллиард теңгеге дейін құлдыраған.

2019 жылы «Mega» сауда ойын-сауық орталықтары арендадан 12,9 миллиард теңге кіріс түсірсе, 2020 жылы орындарды жалға беруден тек 8,6 миллиард теңге пайда көрген. Оған карантинге қатысты ірі қалалардағы сауда орталықтарының қызметі шектелуі себеп болды. Megaға аудит жүргізген «Ernst&Young» есебінше, 2020 жылдың 140 күні сауда орталықтары жұмыс істей алмаған.

Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында, жабық тұрған уақытқа жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдер алынған жоқ. Былтырғы трафиктің орта есеппен 40 пайызға төмендегеніне қарамастан, биыл сауда ойын-сауық орталықтарының басшылығы дағдарысқа дейінгі кезеңнің қайта орнайтынына сенімді болып отыр.

«Mega Center Management» АҚ 2020 жылдың біріктірілген қаржылық есебі. Аудитор «Ernst&Young»

«Мен олар осы жылы қалыпқа келеді деп ойламаймын. Себебі, бұл салада жұмыс істеп жүрген таныс азаматтардың бағалауынша, саланың пандемияға дейінгі табысқа оралуы үшін әлі 3-4 жыл қажет», – дейді GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық.

Оның айтуынша, коронакризис бір салаларды дамытса, келесі салаларды, керісінше, құлатты. Дамыған салаларды айтсақ, ол – IT, фармацевтика, тұрғын үй құрылысы. Ал сауда, қызмет көрсету жағы, керісінше, зардап шекті.

«Онлайн сауда қарқынды дамып келеді, бірақ әсіресе әйелдер қауымы бутиктерді аралап, заттарды өз қолымен ұстап, тексеріп алғанды ұнататынын білеміз. Жалпы алғанда былтыр коронавирустан 6 пайыздай жоғалтқан сала биыл нөлге жақындауы мүмкін. Алдағы жылдары ғана 1-2 пайызға өсе бастайды деген ойдамын»

Қаржылық есепке сай, «Mega Center Management» Халық банкінен алған 27 кредиттің сыйақысын мемлекеттік субсидия есебінен жауып отырған. 2020 жылы «Mega» басшылығы «DAMU» қоры мен Халық банк арасында үш жақты келісім жасасты. Соның аясында, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына кіріп, Халық банктен алынған несиелері сыйақысының бір бөлігін субсидиялаған. Мемлекет Megaға субсидия ретінде 182 миллион теңге берген.

«Mega Center Management» АҚ 2020 жылдың біріктірілген қаржылық есебі. Аудитор «Ernst&Young»

«Бүкіл әлемде сауда ойын-сауық орталықтары өзінің сауда функциясынан айрылып, ойын-сауық ошақтарына айналып жатыр», – дейді EXANTE сарапшысы Андрей Чеботарев. «Адамдар өзіне нақты не керегін білсе, оны интернет арқылы сатып алады. Ал не керегін білмей, оған таңдау жасау қажет болса, онда моллдарға бас сұғады».

«Болашақта сауда үшін мұндай үлкен ғимараттардың, моллдардың қажеті болмайды. Барлық басымдық тек ойын-сауық жағына ауысады»

Megaның болашағы бар ма? Z, одан кейін Альфа буынының аренаға келуімен қазіргі ойын ережесі түбегейлі өзгермек. Сауда ойын-сауық орталықтарындағы бутиктерге айлар бойы ешкім кірмеуі мүмкін. Есесіне, ойын залдары, фуд корттар, кинотеатрлар өз табысын еселеуі ғажап емес.   

Дәл осы кезде жаңа экономика трендтерін түсініп үлгерген епті бизнес қана өзін дамыта алмақ.

Ал күнделікті ұстап тұруының өзі біршама шығын әкелетін үлкен ғимараттары бар, дәстүрлі оффлайн алпауыттар қалай дамудың жолын таба алмай, тығырыққа тірелетін болады.

Тегтер: