Бүркітші қыз Айшолпан қайда оқуға түсті?
Дүниежүзінде ең жас құсбегі атанған қандасымыз Айшолпан Нұрғайып Алматы қаласындағы Сулейман Демирел университетінің студенті атанды.
Алматы, NEGE. Құсбегілік өнерді әлемнің түкпір-түкпірінде насихаттап, Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» атағына ие болған Айшолпанға бұдан бұрын әлемнің белді жоғары оқу орындары – Гарвард пен Оксфорд білім алуға ұсыныс білдірген болатын.
Алайда, атажұртқа оралған қандасымыз биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы «Spectrum» халықаралық мектебін тәмамдап, ізінше отандық ЖОО-ға оқуға түсті.
Қазақ халқының құсбегілік өнерін әлемдік аренада кеңінен насихаттап, отандық этномәдениетке елеулі үлес қосқаны үшін Айшолпан Нұрғайыпқа С.Демирел университетінің басшылығы 100 пайыздық білім грантын тағайындаған болатын.
Айшолпан «Екі шет тілі» мамандығын таңдап отыр.
«Оқуға түскен күннен бастап сабағымды жақсы оқып, бірнеше шет тілін меңгерген мықты маман болғым келеді. Тек білім алып қана қоймай, өз-өзімді жан-жақты дамытып, достар тауып, нағыз СДУ студенті атанамын деген үміттемін. Менің өнеріме тәнті болып, Лондондағы Oxford университеті және Америкадағы бірқатар университеттер оқуға шақырған болатын. Алайда, мен өз атамекенім – Қазақстанда қалатын болдым», – деп лебізін білдірді 1-курс студенті атанған Айшолпан Нұрғайып.