Бұрынғы әкімді бәйбішесі бәлеге ұрындыруы мүмкін

Қарашаның 12-сі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлері Бостандық аудандық сотының судьясы Э.Ч.Оспанованы «пара алды» деген күдікпен ұстаған. Күдіктінің ұлттық бюро ғимаратына кіріп бара жатқаны және заттай айғақ – 3 мың долларды тәркілеу сәті көрсетілген видео тарады.

Оқиға жария болды, судья ұсталды. Енді бұл істің логикалық шешімін күту ғана қалған. Алайда судьяның ісіне қатысты шешімі жұрт күткендей емес, мүлдем басқаша шығуы мүмкін. Ақпарат көздері осылай дейді. Алдымен ресми дерек жөнінде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратқан хабарламада былай деді: «Судья азаматтық іс бойынша шешім қабылдауды кейінге қалдыру үшін алған 3 мың доллар параны өзінің сенімді адамы арқылы кері қайтару кезінде әшкере болды».

Агенттік қызметкерлері судьяның ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін Бас прокуратураның рұқсатын алғанын мәлімдеді.

Биылғы жылдың 12 қарашасында департамент қызметкерлері қадағалаушы органның рұқсатымен және Жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінің қатысуымен судьяны ұстаған соң, сотқа дейінгі тергеу ісін бастады. Бұл істі жүргізу агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаментінің тергеушісі Н.Жақыпбековке жүктелген.

Қысқасы, сотқа дейінгі тергеу ісінен түсінгеніміз мынау: судья Э.Оспанова «RBK банк» пен «Атлас и гарант»  ЖШС арасындағы дауға қатысты істің шешімін кейінге қалдыру үшін биылғы жылдың сәуір айында алған 3 мың доллар параны сенімді өкілі Х.М.Ұзақов арқылы кері қайтару кезінде әшкере болған.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша, күдіктілерді ұстау кезінде көбіне пайдаланатын мәжбүрлеу тәсілі, әрине, Оспановаға қолданылмаған. Мұны жоғарыда сөз болған видеодан байқауға болады. Аппақ көліктен түскен ол департамент ғимаратына ешкімнің жетектеуінсіз-ақ еркін кіріп барады.

Оған мәжбүрлеу шарасы қолданылмауының себебі бар: судьяларды президент тағайындайды және олар арнайы иммунитеттің иесі.

Енді инсайдерлік ақпарат көздерінен келіп түскен дерекке назар салайық, ең қызығы да осы.

«Судья Оспанова жазадан оңай құтылуы мүмкін» дейді ақпарат көзі. Мұның себебі бар. Біріншіден, судья параны өз қолымен қайтарып жатқан кезде қолға түскен жоқ. Алдымен оның «сенімді өкілі» ұсталды. Өйткені ақшаны «сенімді өкілі» арқылы беріп жіберген. Бір қызығы, судьяға пара берушіні аты-жөні елге белгілі адвокат тауып бергенге ұқсайды. «Делдал» адвокаттың аты-жөні бізге белгілі, бірақ әзірге оны атамауды жөн санадық. Өйткені заңды құрметтейтін басқа адвокаттарға деген сенімге селкеу түсуі мүмкін.

Судья «шешімді кейінге қалдыру» туралы өтінішті орындай алмаған. Сол себепті параны иесіне қайтарған. Бұл іске қатысты «делдал» адвокат та тергеу кезінде біраз жайттың басын ашып берген көрінеді.

Ал енді сыбайлас жемқорлықпен күресушілер мұны қалай әшкереледі? Ақпарат көзінің айтуынша, олар бұл істі кездейсоқ ашқан. Өзге бір қылмыстық іс бойынша адвокаттың телефонын тыңдау кезінде судья Оспановаға қатысты жайт сопаң етіп шыға келіпті.

Бұл іс мұнымен де бітпейді. «Пара алды» деген күдікке ілінген Оспанованы «қолы ұзын» әлдебір жақын құрбысы қатты қорғаштап жатыр деседі. Білетіндердің айтуынша, ол – жай адам емес, өзі де судья болған. Ол аз десеңіз, бір кездері ірі мегаполистердің бірін басқарған бұрынғы әкім – қазіргі жоғары шенді лауазымды тұлғаның бәйбішесі екен...

Nege.kz

 

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты