Бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Алматы облысын басқаратын болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Шыңғыс Әрінов Алматы облысының әкімі лауазымына тағайындалды, деп хабарлады Ақорда.

primeminister.kz

Астана, NEGE. Шыңғыс Әрінов облыс басшысы болып тағайындалғанға дейін 2024 жылғы ақпан айынан бастап Төтенше жағдайлар министрлігін басқарды.

Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында «Құқықтану», Азаматтық авиация академиясында «Тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалану» мамандығы бойынша білім алған.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кадрында әртүрлі офицерлік және басшылық лауазымдарда қызмет атқарған.

2022 жылдан бастап министр болып тағайындалғанға дейін Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Президент күзет қызметінің бастығы болды.

Еске салсақ, бүгін, 4 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Сұлтанғазиевті Алматы облысының әкімі лауазымынан босатты.