30 сентября 2025 г. 17:44

Бұрынғы Ішкі істер министрінің күйеу баласы қалай байыды?

Фото: ҰОК

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин журналист Вадим Борейконың «Гиперборей» бағдарламасында ERG компаниясының экс-топ-менеджері Алдияр Қазтаевтың мол байлыққа ие екенін айтты.

Алматы, NEGE. «Ол бір кезеңде ENRC-де (қазіргі ERG) қызмет атқарған. Қазір оның атына тіркелген жылжымайтын мүлік, қолма-қол ақша, тіпті алтын құймалары мен есепшоттарда шамамен бір миллиардқа жуық қаражат бар. Бұл ақпарат жай әңгіме емес, құқық қорғау органдарына шетелден жіберілген ресми сұраулар нәтижесінде алынған деректер. Бұл жай ғана газет беттеріндегі жарияланым емес, мен ойдан шығарған дүние де емес», – деді Қажыгелдин.

Оның айтуынша, Алдияр Қазтаев – бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың күйеу баласы.

«Қазтаевтың қалайша мұншалықты табысты болғаны енді түсінікті. Ол бұрынғы ІІМ басшысы Мұхамеджановтың күйеу баласы. Сондықтан мұны жемқорлықтың айқын көрінісі деп санаймыз. Бұл ықпалды қауіпсіздік құрылымы өкілінің туысына көрсетілген «қамқорлық« үшін берілген төлем секілді», – деді Қажыгелдин.

Италия баспасөзінің хабарлауынша, Қазтаев Сардинияда элиталы жылжымайтын мүлік сатып алып жүр. Ол Ольбия қаласындағы Geovillage туристік-спорттық кешенін 14 млн еуроға иеленген. Сондай-ақ оның Темпиодағы термалды кешені, Канниджонедегі жері және Коста-Смеральдадағы люкс вилласы бар.

Жылжымайтын мүліктен бөлек, оның байлығын айғақтайтын басқа да мүліктері бар. Мәселен, ата-анасының компаниясы арқылы офшорда рәсімделген құны 8 млн еуро болатын «Piccolino» атты яхтасын атап өтуге болады.