Бұрынғы депутат Ринат Зайытов қорғаныс саласына қарасты орталықтың басшысы атанды
Бұрынғы Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстан Қарулы күштері ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшысы болып тағайындалды.
Астана, NEGE. Жаңа қызметке тағайындалғаны жөнінде Ринат Зайытов Adal ADAM YouTube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Экс-депутат әскери орталықтағы жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен, оны бұл қызметке жуырда тағайындалған жаңа қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов шақырған.
«Президенттің қорғаныс саласындағы түбегейлі реформа жасау туралы тапсырмасын іске асыру басталып кетті. Өзгерістерді жақсы көретін адам ретінде қуана-қуана келдім. Сол реформаның кішкентай ғана бөлшегіне ат салыссам деген арманмен келдім. Әскери тәртіп болғандықтан, жұмыс істеудің аса қиындығын көріп тұрған жоқпын», – дейді Ринат Зайытов.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігіне қарасты бұл орталық әскери-патриоттық тәрбие берумен және мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Оның құрамында әскери ансамбль мен оркестр бар. Орталық әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскерге дейінгі жастағы жастар мен жас сарбаздар ұйымдарының бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға, патриоттық іс-шаралар өткізуге және әскери-мәдени жұмыстарды үйлестіруге жауапты.
Айта кетейік, Ринат Зайытов 2023-2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болды. Ол Парламентте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі болған.