9 октября 2025 г. 16:23

Антикор ақтаулық блогерге қарсы сотта жеңіліп қалды

Фото: ғаламтордан

Биыл мамыр айында Азамат Сарсенбаевқа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 73-2-бабы, 2-бөлімі («Жала жабу») бойынша 20 тәулік әкімшілік қамау тағайындалған болатын. Арада бес ай өткен соң блогер істің қайта қаралуына қол жеткізіп, қаулының күшін жойдырды.

Алматы, NEGE. «Президент жариялаған сот жүйесін реформалау күшіне енуін босқа күткен жоқпыз. Өзімнің кінәлі емес екеніме ешқашан күмәнданбадым. Дегенмен әділдік орнап, жағдайды оң шешуге мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын. Ең бастысы, менің ісім арқылы адамдарды мемлекеттік органдарды сынағаны үшін заңды бұрмалап, түрмеге жабу сияқты жағдай орнауына жол берілмеді», – деп жазды Сарсенбаев Facebook парақшасында.

Әкімшілік іске блогердің наурыз айында жариялаған жазбасы себеп болған. Ол жазбасында «автобус аялдамасындағы сауда орталығын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкері «қорғаштап отыр»» деп көрсеткен. Оның айтуынша, «аялдама аумағындағы жер телімін 60 шаршы метрден 650 шаршы метрге бірден ұлғайтып, заң бұзушылықтармен сауда үйін тұрғызу оңай шаруа емес», мұндай өзгерістер біреудің араласуынсыз мүмкін бола қоймаған.

Сотта Сарсенбаев ешкімнің атын атап, «жемқор» деген айдар тақпағанын, тек өз ойын білдіргенін мәлімдеді.