Бурабайдағы демалыс базасында өрт шықты

9 шілде күні таңертең Бурабай курорттық аймағындағы «Алтын күн» демалыс базасының аумағында өрт шықты.

Видеодан кадр/instagram.com/dosanovaofficial

Астана, NEGE. Instagram-дағы Kaztourism.media парақшасында оқиға орнынан түсірілген видео жарияланды.

Жалын қонақүйдің жанында орналасқан кір жуатын ғимаратты шарпыған. Өрттің жалпы аумағы шамамен 50 шаршы метр болды. Құтқару қызметінің хабарлауынша, өрттен демалушылар мен қызметкерлердің ешқайсысы зардап шекпеген.

Өрт таңғы сағат 09:00 шамасында, қонақүй кешенінде адамдар болған кезде тұтанған. Құтқарушылар келгенге дейін кір жуу бөлімінің бір қызметкері түтін жайлаған аумақтан өз бетінше шығып үлгерген.

Мамандар өрт ошағын жедел оқшаулап, жалынның көршілес ғимараттарға таралуына жол бермеді.

Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдайға электр жабдықтарын техникалық пайдалану ережелерінің бұзылуы немесе электр сымдарының ақауы себеп болуы мүмкін.