Бурабайда шетелдік ғалымдар Өр Алтайдың түркі өркениетіндегі тарихи рөлін талқылады

25 қыркүйекте Бурабайда «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Қазақстан мен шетелден келген тарихшылар, археологтар, түркітанушылар, шығыстанушылар және басқа да ғалымдар қатысты.

Gov.kz

Астана, NEGE. Конференцияға қатысушыларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқып берді.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында Алтайдың түркі әлемі мен Орталық Еуразия халықтарының тарихындағы орнына тоқталды.

«Ұлан-ғайыр жерді алып жатқан және сан алуан мәдениеттер мен дәстүрлер тоғысқан Алтай түркі әлемінің алтын бесігі ретінде адамзат тарихында айрықша орын алады. Бұл аймақ мыңдаған жылдар бойы Алтай өркениетінің орталығы саналған», – делінген Президенттің құттықтауында.

Ресей президенті Владимир Путиннің құттықтауын оның әкімшілігіндегі гуманитарлық саладағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Владимир Бочарников жеткізді. Онда конференцияның түркітану мен алтаистика саласындағы зерттеулерді дамытуға және Еуразия халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтауға қосып отырған үлесі атап өтілді.

Gov.kz

Биыл конференция алғаш рет Ресейден тыс жерде өтті. Бұған дейінгі екі жиын 2024 және 2025 жылдары Ресейдің Алтай Республикасында ұйымдастырылған.

Бурабайдағы конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия, Германия, Швеция, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Болгария, Бельгия және АҚШ ғалымдары қатысты.

Ғалымдар Ботай мәдениеті, түркі тілдерінің дамуы, Батыс Түрік және Хазар қағанаттарының тарихы, көне түркі жазуы, Алтын Орда мұрасы, археология және түркі халықтарының этномәдени байланыстары жөнінде баяндамалар жасады.

Конференция соңында арнайы қарар қабылданды. Онда Алтайдың тарихи-мәдени мұрасын, түркі халықтарының этногенезі мен мемлекеттіліктің қалыптасуындағы орнын одан әрі зерттеу, халықаралық экспедициялар мен бірлескен ғылыми жобаларды көбейту ұсынылды.

Үшінші конференцияны Қазақстанда өткізу бастамасын Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда Ұлттық құрылтай отырысында көтерген болатын.