28 февраля 2023 г. 9:31

Бұл сайлау науқанының басты ерекшелігі неде?

Фото:

Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының арқасында Мәжіліс пен мәслихат сайлаулары тартысты өтіп, халықаралық талаптарға бір табан жақындай түспек. Бұл елдің саяси өмірінің жандануына тікелей ықпал етеді.

Айталық, мәжілістегі орындарға жеті бірдей партия таласқа түскелі отыр. Додаға екі бірдей жаңа партия қосылды. Қай партияның шаппай бәйге алары, белгілі бір нәтижеге қол жеткізу, сол партияның жұмысына тікелей байланысты, әрине.

29 орын мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын депутатқа тимек. Ең сыншыл сарапшылардың өзі мұны демократияға қарай бір қадам алға басу деп есептеп отыр. Мәслихаттарға өңірлерге жартылай бір мандатты округтан, жартысы дербес кандидаттардан сайланады.

Парламенттегі партиялардың саны артуы да ықтимал. Мәжілістің жаңа құрамы кемі 4-5 партиядан  тұруы ғажап емес. Биліктің үш партияның ғана парламентті меншіктеп алуынан бас тартып жатқаны байқалады.

«Билік заңнаманың сапасын жақсарту үшін мәжіліске түрлі тұлғалардың келгеніне мүдделі. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ескерсек, Президент Тоқаевтың арқа сүйей алатын, жауапкершілікті бөлісе алатын парламентті қалайтынын байқауға болады. Бас изеп отыра беретін «қалтадағы» парламент оған керек емес деп ойлаймын», - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Кейбір саяси жауырыншылардың айтуынша, алдағы сайлау мейлінше әділ өтуі тиіс. Өйткені, әкімшілік ресурс деген болмайды. Айталық, саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтің пікірінше, қазіргі басты ерекшелік – билік партиясы деген ұғым жоқ.

«Аmanat – бұрынғы Nur Otan емес. Осы уақытқа дейін облыс, аудан, ауыл әкімдері Nur Otan-ның жергілікті филиалдарын басқарып келді. Олар сайлауда Nur Otan-ның көп дауыс жинауына ықпал ететін. Қазір бұдан құтылдық. Енді  Аmanat бұрынғыдай билік партиясы емес. Әкімшілік ресурс қолданылған күннің өзінде, енді бұрынғыдай болмайды», – дейді Қазбек Бейсебаев.

Былайғы жұрт сайлауға үрке қарайды. Өйткені, айналамыздағы елдерде дүрбелең осы сайлаулардың қызуымен жасалады. Бірақ қазақ қоғамы бұған жол бермейді, деп санайды сарапшы Самат Нұртаза.

«Қаңтар оқиғасынан кейін халық тұрақтылық пен бейбітшіліктің қадірін түсінген. Оның үстіне, халқымыздың көзі ашық. Әр адамның қолында бір-бір смартфон бар. Жаңалықтарды іздеп, керегін алып отыр. Кімнің жақсы, кімнің жаман екенін біледі. Тек қана бес жыл бойы ауызына құм құйып алғандай үндемей отыратын депутаттардың, популистердің өтіп кеткенін қаламаймын», – деп, саясаттанушы таңдау жасағанда мұқият болуға шақырады.

Тегтер: