18 июля 2023 г. 14:02

«Бұл ой мұқтаждықтан туындады»: Түркістандық оқушы «ақылды сөмке» ойлап тапты

Фото:

Түркістандық оқушы ерекше сөмке жасап шығып, талайды таңдай қақтырды. «Ақылды сөмкенің» кәдімгі сөмкелерден айырмашылығы оның өзі жүретіндігінде. Ол пультпен басқарылады, оңай жүреді. Қисық жолдар мен төмпешіктерден де өтіп кетеді. Өнертапқыш бала жайлы Оқу-ағарту министрлігінің ресми парақшасы жариялады. 

Мұндай сөмкені ойлап тапқан дарынды баланың есімі – Айтуар Советбек. Ол «Төрткүл» жалпы орта мектебінің озат оқушыларының бірі. Өзі ойлап тапқан «ақылды сөмкені» ол ең алдымен сабаққа ұстап келіп, сыныптастарын таңқалдырған.

 

Түркістандық оқушының айтуынша, оған мұндай ой мұқтаждықтан туындаған. Айтуар бір жыл бұрын жол апатына ұшыраған. Салдарынан оған күрделі ота жасалыпты. Отадан кейін оған мүлдем ауыр зат көтеруге болмайтындығы айтылған. Сөмкедегі кімтап пен қалам-қағаздар ауыр болып кететіндіктен оған да тыйым салыныпты. айтуар зерек оқушы, ол сабақтан қалғысы келмейді. Ал үйден оқу ол үшін ауыр болған. Сондықтан ол бұл мәселенің шешімін іздей бастайды. Осылайша оған «ақылды сөмке» жасау идеясы келді. 

«Үйде жатып оқу қиын, қатарыңнан қалып қойғандай күй кешесің. Мектепке барайын десем денсаулығым жарамады, оқу-құралымды таситын бір адам керек. Ал үйдегілердің жұмысы бар, үнемі менің қасымда жүрмейді ғой. Сосын кітаптарымды тасу үшін пультпен жүретін сөмкем болса деп ойлап, оны алдымен қағаз, картоннан жасап көрдім. Пластмасса жәшігін одан басқа бірнеше материалды пайдаланып, тиімділігін тексердім. Ең бірінші сөмкем пластмассадан жасалды, кітап-дәптерлерімді салып мектепке дейін барамын. Ал сатыдан көтеруге сыныптастарым көмектеседі», – дейді Айтуар.

Оның бұл ойын ата-анасы да құптаған. Әкесі мен анасы да қолдау білдіріп, болашақ сөмкенің сыртқы бейнесіне, дизайнына аса мән береді. осылайша олар оның сырт пішінін үйлестіруге көмектескен. Айтуар бұл ойын ары қарай жетілдіргісі келеді. Сөмкені қазір сатымен жүргізу мүмкін емес. Сол себепті ол сатыдан өзі шығатын механизмін жасауды ойластырып жатыр. Болашақта «ақылды сөмкені» сатылымға шығарғысы келеді. 

Жалпы еліміздің оқушылары робототехника саласында айтулы жетістіктерге жетіп жатыр. Мысалы,  Аустралияда робототехникадан алғаш рет өткен Asia Pacific Open Championship ашық жарысында Алматы мен Астанадан қатысқан оқушылар күміс жүлдегер атанды. 

Bolt.M3 командасы күміс жүлдеден бөлек, ең жоғарғы екі марапатқа ие болды. Бұл жетістік рекордтық көрсеткішке ие болып отыр. 

"Бізге Connect Award сыйлығы берілген кезде қатты қуандық, одан кейін Think Award және чемпионаттың күміс жүлдесін берген сәтті сөзбен айтып жіткізу мүмкін емес. Мұндай жарыстар біз үшін үлкен тәжірибе, сондай-ақ кәсіби байланыс орнатудың, өз еліміздің бұл салада жақсы дамығанын өзгелерге көрсетудің мол мүмкіндігі. Жарыстың үш күні бойы матчтар арасындағы үзілістерде біз басқа елдердің қатысушыларымен ұлттық ойындарымызды ойнап, оларға қазақ тағамдарын ұсына отырып, еліміздің мәдениетімен таныстыруға тырыстық", – дейді команда капитаны Таир Каренеев. 

Робототехника – болашақта қарқынды түрде дамитын мамандық. Сол себепті жастарымыздың бұл саланы меңгеруі үлкен жетістік. 

Тегтер: