Декреттегі әкелер Алматы мен Астанада көп, ал Ұлытауда өте аз
Өткен аптада Қазақстан Парламенті Мәжілісінде зейнетақы заңнамасына енгізілетін өзгерістер төңірегінде қызу әңгіме өрбіді. Алғаш рет Қазақстанда ер азаматтарға да 12 жасқа дейінгі баласына қараған уақытын аналар сияқты толыққанды еңбек өтіліне қосу құқығын беру ұсынылды.
Елімізде ер адамдар да бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шыға алады. Бұл туралы ақпарат Еңбек кодексінде нақты көрсетілген, алайда көпшілігі бұл мүмкіндікті пайдалана бермейді. Дегенмен декретке шығып жатқан ер-азаматтар да жоқ емес.
Естеріңізде болса, 2020 жылы Олимпиада чемпионы, боксшы Серік Сәпиевтің декреттік демалысқа шыққаны мәлім болған еді. Сол кезде жұрттың бұл жағдайға таңырқай қарағаны бар. Бірі мұны жақтаса, бірі даттап жатты. Бұдан аңғарғанымыз, «декреттегі әке» мәртебесіне біздің қоғам әлі үйрене қойған жоқ .
Бүгінде ер адамдар түрлі жағдаймен декретке шығып жатыр. NEGE тілшісі декреттегі ер-азаматтардың бірнешеуіне хабарласып, сұхбаттасты. Өзінің декреттік демалысындағы тәжірибесімен бөліскен әкенің есімі – Ержан. Ол декреттегі әке ретінде әлеуметтік желідегі парақшасын жүргізіп, пайдалы ақпараттармен бөлісіп отырады.
«Декретке шыққаннан кейін барлық анаға құрметім артты»
«Өзім Шымкент қаласының тумасымын. Қазір жұбайыммен және баламызбен Орал қаласында тұрамыз. Әйелім осында жұмыс істейді, ал мен баламен үйдемін. Бұған дейін БАҚ саласында графикалық дизайнер болып қызмет еттім, бірақ жалақым отбасы қажеттілігін толық өтеуге жетпеген соң, жұмыстан кетуге тура келді», – дейді Ержан Имамадин.
Ержанның айтуынша, әйелі екеуі мұндай шешімді ақылдасып қабылдаған.
«Мен жұмыстан кетіп, әйелім жұмысқа шығуға мәжбүр болды. Баланы 5-6 айлығына дейін өзі қарап отырды. Ол мансап жолында жүрген адам болғандықтан, үйде отыра бермей, қайтадан жұмысқа шыққысы келді. Сөйтіп, ақылдаса келе, баланы мен қараймын, ал ол жұмысын жалғастырады деп шештік», – дейді кейіпкеріміз.
Ержан жұмыстан өзі шыққандықтан, ресми декретті өз атына рәсімдей алмаған.
«Біздің жағдайда мен жұмыстан шығып кеткендіктен, декреттік демалысты өз атыма рәсімдемедім. Әйелім декретке өткен кезде еш қиындық болмады. Оған бала 5–6 айлық болғанға дейін жәрдемақы тұрақты түсіп отырды. Кейін ол жұмысқа шыққан соң бұл төлем тоқтады. Әрине, жәрдемақы толыққанды жалақының орнын баспайды. Дегенмен отбасы бюджетіне аз да болса үлес қосады, баланың қажетті заттарын алуға жетеді. Әйеліме шамамен 170 мың теңге көлемінде төлем түсіп отырды», – дейді ол.
Ержанның айтуынша, олардың бұл шешіміне жақындары түсіністікпен қараған.
«Біздің қоғамда «тек әкелер жұмыс істейді, аналар үйде отырады» деген ұғым қалыптасып қалғандықтан көбі әртүрлі қабылдады. Кейбірі таңғалғандай болды. Жақындарым түсіністікпен қарады. Себебі, олар біздің басымыздағы жағдайды білді», – дейді декреттегі әке.
Ержан Имамадин әлеуметтік желіде өте белсенді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына декреттегі әкенің күнделікті өмірін көрсетіп отырады.
«Әлеуметтік желілерде декереттегі әке ретінде парақша жүргіземін. Басында тек күнделікті атқаратын жұмыстарымды салып жүрдім. Кейін бұл көп әкеге пайдалы екенін түсіндім. Көбі қызығушылық танытты, қолдау білдірді. Әсіресе, аналар тарапынан көп қолдау болды», – дейді Ержан.
Бала күтіміне байланысты берілетін декреттік демалыс қызметкердің жазбаша өтініші негізінде рәсімделеді. Өтініште демалыс мерзімі көрсетілуі тиіс, сондай-ақ баланың тууын растайтын туу туралы куәлік немесе өзге де құжат қоса ұсынылады.
Егер ер адам декретке шығатын болса, одан қосымша түрде жұмыс орнынан бала туған күннен бастап 1,5 жасқа толғанға дейін жалақы сақталмайтын демалыс берілгені туралы бұйрықтың көшірмесін сұрайды.
Әкеге арналған ай сайынғы жәрдемақыны рәсімдеудің бірнеше жолы бар:
- egov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы;
- екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
- «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс бірінші оқылымда қазақстандық ер азаматтардың әйелдермен бірдей деңгейде декрет демалысына шығу нормасын мақұлдады. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма аталмыш мәселеде ер мен әйел құқығын теңестіруге септігін тигізеді. Мәжілістегі талқылау барысында депутат Олжас Құспеков жаңа норманың кемшін тұстарын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама ата-аналардың құқықтарын теңестіруге бағытталғанымен, ер-азаматтардың жаппай декретке шығуына әкелуі мүмкін. Депутат, әсіресе, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметшілерге қатысты жағдайларды мұқият қадағалау қажет екенін айтты.