«Бұл одақ барлық жағынан қолайлы»: Бибісара Асаубаева өзбекстандық шахматшыға тұрмысқа шығуы мүмкін

Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаровтың атасы Комил Синдаров немересі мен қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваның жақын қарым-қатынасына пікір білдіріп, неліктен бұл некені қолдайтынын түсіндірді. 

javokhir_sindarov/instagram

Астана, NEGE. Атасының айтуынша, немересінің кәсіби мансабы үшін шахмат әлемін жақсы түсінетін өмірлік серік таңдауы маңызды, өйткені Жавохир Синдаров жылдың 12 айының 11 айын шетелде, жарыстарда өткізеді, деп жазады 1Bol.

Комил Синдаров Жавохир мен Бибісараның некесінен зор үміт күтетінін, үйлену тойы болатынын айтты.

«Шахматқа қызықпайтын адам үшін үлкен қиындық болар еді. Сондықтан бұл одақ бізге барлық жағынан қолайлы», – деді Комил Синдаров.

Ол Бибісара Асаубаеваның қазақстандық болуы екі ел арасындағы бауырластық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін де атап өтті. Сондай-ақ Әмір Темір ұрпақтарының көрші мемлекеттермен достық және дипломатиялық қарым-қатынасты нығайту мақсатында қыз алысып, қыз беріскенін мысалға келтірді.

Айта кетейік, Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаровтың қыз-жігіт болып араласатыны биыл көктемде мәлім болды. Әлеуметтік желілерде жұптың бірге түскен суреттері мен Парижге романтикалық сапары қызу талқыланған еді.