«Бұл менің досым»: Қытайда Путин мен Трамптың жабық келіссөздері басталды

Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен АТЭС саммиті аясында екіжақты келіссөз өткізді.

Sergei Bobylev/Pool Photo via AP

Астана, NEGE. Трамптың баспасөзбен ашық кездесуі небәрі бір минутқа созылды. Журналистер алдында Трамп Путинді жылы қарсы алып, онымен нәтижелі әңгіме өрбітуді асыға күтіп отырғанын айтты.

«Бұл кім? Бұл менің досым. Сізді көргеніме қуаныштымын», – деді Дональд Трамп Ресей президентімен амандасқанда.

Екі ел басшысы келіссөздерін жабық бөлмеде жалғастырды.

Ресей тарапынан кездесуге Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қаржы министрі Антон Силуанов, президент көмекшісі Юрий Ушаков және арнайы өкіл Кирилл Дмитриев қатысса, АҚШ атынан Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен Қаржы министрі Скотт Бессент келді.

Кездесу қорытындысы әзірге жарияланған жоқ. Бұған дейін Юрий Ушаков келіссөзде Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесі, Вашингтонның ұсыныстары мен Мәскеудің ұстанымы талқылануы мүмкін екенін айтқан.

Айта кетейік, Пекиннің хабарлауынша, бүгін Путин мен Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен үшжақты кездесу өткізбек. Алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үшжақты кездесуге бір сағат қана уақыт бөлінгенін айтты.