Бұқар жырау ауданында бөрілер ауылды торуылдап жүр

Қарағанды облысында қасқыр халыққа маза бермей жатыр. Күзден бері Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылдың елуден астам жылқысын жеген. Өңірді аяз қысқалы бері ит-құс ауылды торуылдайтын болған.

«Жұрт аңшылық инспекциясынан малды жайпап бара жатқан жыртқышты жоюға рұқсат беруін талап етіп отыр. Бірақ қасқырды қыруға болмайды екен» деп хабарлады КТК арнасы.

Ақжар ауылының тұрғыны Мереке Дүйсембаев:

– Күні-түні жылқының соңында жүре алмаймыз. Ол жарықтық түнде жайылады. Таңертең барсақ, жайрап жатады, желінген, не тартылған. Таңертең естідік, көрші ауылдан кәдімгі грейдердің қасында жеп жатыр дейді. Бұрын мұндай болған жоқ.

 

Ауыл тұрғындары өңірге аңшыларды жіберуді талап етіп отыр. Бұл туралы Баткен Сейітов былай дейді:

– Келсін, көмек керек, аңшыларды жіберсін. Рұқсатын берсін. Халық боп атпен шығамыз. Біз осы малға қарап отырмыз. Бір-екі малымызды жеп қояды. Бір екеуін болсын атып, азайту керек.

 

Қарағандыда биыл қасқыр атуға рұқсат аз берілген. Қайбір жылы «Қарағандыда қасқыр қалмады» деп шулаған жұрт. Тіпті жауапты органдағылар «екі-үшеу ғана қалыпты» дегенде істің жөнін білетін аңшылар мұны күлкіге айналдырған-ды.

Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және хайуанаттар әлемін қорғау инспекциясының бөлім бастығы Евгений Протасты тыңдап көріңіз:

– Қасқырды жаппай қыра берсек, жақын болашақта экологиялық апатқа ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан оның санын сәл азайтып отыруға ғана рұқсат етіледі. Биылдыққа 16 қасқырға ғана рұқсат болды. Сондықтан ауыл тұрғындары малына сақ боп, келесі жылды күтуіне тура келеді. Көзі құртылатын қасқыр саны анықталғанда кәсіби аңшыларға рұқсат қағаздары беріледі.

 

Қарағанды облысында қасқырдың санын анықтап болғанша, түз тағылары күні малға қараған халыққа қанша зиян тигізер екен?..

Қазір оқып жатыр

Референдумда 9 миллионнан астам қазақстандық дауыс берді

Халықтың 70,98 пайызы дауыс берді

Маңғыстау облысында референдум күні көпбалалы отбасында Атазаң есімді ұл дүниеге келді

Халықтың 51,93 пайызы дауыс берді: Референдум өткізілді деп саналады