Бүгін – Ұстаздар күні
Бүгін елімізде дүниедегі ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдері – мұғалімдер күні.
Алматы, NEGE. Бұл күн елімізде біраз уақытқа дейін қазан айының бірінші жексенбісінде аталып өтіп келді. Ал 2023 жылы Үкімет қаулысымен 5 қазанға бекітілген еді.
2021 жылдан бастап алғаш рет педагогтерге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы беріле бастады. Бүгінде бұл мәртебелі атақты 79 ұстаз алды. Былтыр екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Бұл барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісіне айналды. 2012 жылдан бері мұғалімдердің еңбегін бағалау үшін «Үздік педагог» байқауы өткізіліп келеді. Бүгінге дейін бұл атаққа еліміздің түкпір-түкпірінен 752 мұғалім ие болды. Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін байқау жеңімпаздары құрметті атақ пен 1 000 АЕК (3 932 000 теңге) мөлшерінде ақшалай сыйлық алады. «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы қолға алынды. Осы жобаға қатысқан 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды.
Айта кетейік, 1 қазанда ұстаздар қауымын құттықтаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің кәсіби мерекесі елімізде ерекше аталып өтетінін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор құрмет көрсетілетінін айтты.
Еске салсақ, 5 қазанда әлемнің 100-ден астам елі Дүниежүзілік мұғалімдер күнін атап өтеді. Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтеді.