Бүгін президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталады
Бүгін сағат 18:00-де президенттікке кандидаттарды ұсыну аяқталады.
Алматы, NEGE. Кезектен тыс президент сайлауының алғашқы кезеңі 23 қыркүйекте басталған еді. Содан бері республикалық қоғамдық бірлестіктерден елдің Орталық сайлау комиссиясына 7 адам ұсынылып, құжаттарын тапсырды. Президент лауазымына кандидаттарды ұсыну саяси науқан белгіленген күннің ертесіне басталды, яғни 23 қыркүекте. Заң бойынша осы елде туған, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін білетін әрі соңғы 15 жыл осы елде тұрған Қазақстан азаматы ғана үміткер бола алады. Оны белгілі бір қоғамдық бірлестіктің ұсынуы тиіс. Міне, дәл осы талапқа сай келетін азаматты «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының достастығы» бірлестігі ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Мейрам Қажыкеннің құжаттарын тексеріп, заңға сай деген қорытынды шығарды. Ал лингвистикалық комиссия мемлекеттік тіл біліміне оң бағасын берді.
Әділ Ахметов, Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Жазба жұмысының тақырыбы – қазіргі заманғы жаһандық мәселелер. Екінші Абай жолы эпопеясынан үзінді оқу. Үшіншісі – жұрт алдында сөйлеу. «Ырыс алды ынтымақ» деген тақырыптың мазмұнын ашты. ҚР президенттігіне қандидат М. Қажыкен мемлекеттік тілді еркін меңгерген.
Президенттіке ауыл партиясы да өз кандидатын ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаевтың да құжаттарын тексеріп, кандидат ретінде тіркеуге кедергі жоқ екенін жариялады. Лингивстикалық сыннан да сүрінген жоқ.
Бүгінде сенімді өкілдері қол жинауға кіріскен Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» ХДП партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Филиалдардың өкілдері осы қол қоятын парақшаларға келеді. Алып кетеді. Менің ойымша, 3-4 күннің ішінде жинап бітіреміз деп ойлаймын. Естеріңізге сала кетейік, біздің партияның өзінде 300 мың мүше бар. Заңның талабына сай, 118-119 мыңдай қол керек.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын халықтық коалиция ұсынды. Яғни елдегі бірнеше саяси партия мен қоғамдық бірлестік бас қосып, Орталық сайлау комиссияның оң шешімін алды.
Мұхтар Ерман, ҚР ОСК хатшысы:
- ҚР Конституциялық заңның 54 бабының екінші тармағына сәйкес мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі өкілеттілік мерзімі қайта ұсынылған, жұмыс істеп жүрген республика президентіне қолданылмайды.