16 декабря 2020 г. 10:41

Бүгін – Тәуелсіздік күні

Фото:
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 

29 жыл.

Алматы, NEGE. Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет атанғанына бүгін 29 жыл толып отыр.

Бір кезде дүние жүзінің ауқымды бөлігін алып жатқан Кеңес одағының ыдырау кезеңі 1980 жылдардың екінші жартысында басталған еді. Қайта құру кезеңінде одақтас республикалар орталықтан дербес мемлекеттік және экономикалық тәуелсіздікке ұмтыла бастады. Алдымен Балтық елдері бөлініп шыққаннан кейін, 1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь, Ресей және Украина елдері одақты біржолата ыдыратқан Беловеж келісіміне қол қойды. Осылайша, Кеңес одағы ыдырап, оның құрамындағы елдер дербестікке жетіп, әлемдегі мемлекеттердің қатарына тағы 15 мемлекет қосылды.

Одақтан бөлініп шыққан 15 мемлекеттің ішіндегі Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдады. Айта кетерлігі, Қазақстан одақ құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдаған мемлекет.

Қазақстанның дербес ел болғанын алғашқы ақпарат құралдарының бірі болып әлемге «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі (ҚазТАГ) хабарлаған болатын.

«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 17 желтоқсанда Алматыдағы Орталық алаңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жариялануына орай өткізілген жиында.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып Америка Құрама Штаттары мойындаған еді. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания, Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде мойындап, таныды. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашты.

Тегтер: