Бүгін – Көрісу күні
Бүгін наурыздың 14-і – Көрісу мейрамы. Дәл осы күні халық қыстан аман шыққанына қуанып, дастарқан жаяды.
Алматы, NEGE. Сағынғанымен көрісіп, сақтағанын қазанға салады. Тек ертеде бар қазаққа ортақ болған осы атаулы күнді қазір тек батыс өңірге ғана теліп қойдық. Дәл осы наурыздың 13-14-ін ертеректе ақсақалдар «бұл күні қарға құмалақ батса, қар кетеді» деп есептейтін. Сөйтіп, бұдан әрі «ұзынсары», «бесқонаққа» ұласатын наурыздың қадір-қасиетіне бабаларымыз үлкен мән берген.
Негізінен еліміздің батыс бөлігінде атап өтілетін Көрісу күні кейінгі жылдары ақпараттық насихаттың әсерінен ауқымын кеңейтіп келеді. Мәдениеттанушылар мен этнографтардың айтуынша, бұл күн негізі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Ал Маңғыстау өңірінің жұрты оны Амал мерекесі деп те атайды. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің ауқымын кеңейту үшін төл жаңа жылды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау әдетке айналып келеді. Он күндік думанды мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде бүкіл қазақ білетін айтулы күнге айналып отыр.