Бублик Анталия турнирінің финалына шықты

Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің финалына шықты.

Алматы, NEGE. Осы доданың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған франциялық Жереми Шардимен күш сынасты.

А.Бублик 23-те болса, спорттық жолында 2009 жылы Штутгартта үздік шыққан тәжірибелі қарсыласы одан тура 10 жасқа үлкен еді.

Бірінші партияда қазақстандық спортшы 5:2 есебімен алға кетті. Содан кейін сетке доп бергенімен, Ж.Шарди брейк жасай алды.

Дегенмен А.Бублик екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Бублик брейкке қол жеткізіп, сосын өз геймін де алды – 3:1.

Әйтсе де Шарди қарымта қайтарып, өзі алға шықты – 5:4. Тай-брейкте Жеремидің жолы болды – 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте Бублик брейк жасап кетті. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:3.

Тартысты бәсеке 2 сағат 5 минутқа созылды. А.Бублик финалда әлемнің 23-ракеткасы, аустралиялық, 21 жастағы Алекс де Минаурмен чемпиондық атақты сарапқа салады.

Аустралиялық теннисші жартылай финалда әлемнің 16-ыншы, осы жарыстың 2-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенді 6:4, 3:6,6:2 есебімен ұтты.

Жастығына қарамастан, А.Минаур – ATP турнирлерін үш мәрте ұтқан спортшы. А.Бублик әзірге ондай табысқа қол жеткізе қойған жоқ. Финалдық матч 13 қаңтар күні өтеді.

Қазір оқып жатыр

Маңғыстауда алғаш рет шала туған нәрестелердің көзіне күрделі ота жасала бастады

2024 жылғымен бірдей шықты. Ағайынды Тастекейлер былтыр НЕГЕ көтеріле алмады?

Денсаулық сақтау саласының үздігі Бақыт Түменова дүние салды

«Қайрат» бас бапкерімен қоштаса ма?