Бітіру салтанатында диплом жыртқан түлек желіде кешірім сұрады

Күні кеше әлеуметтік желіде диплом тапсыру салтанатындағы түлектің ерсі қылығы түсірілген видео қызу талқыланды. Бейнежазбада студенттің жаңа алған дипломын сахнада тұрып жыртып тастаған сәті таспаланған.

Видеодан кадр

Астана, NEGE. Түлектің бұл қылығы желі қолданушыларының ашуын туғызып, оның құжатының күшін жойып, өзін заңға сәйкес жазалауды талап етті. 

Ерсі қылығымен ел наразылығын тудырған түлектің Халықаралық бизнес және коммуникация колледжінің студенті Дәулет Әбдірахман екені мәлім болды. Аталған колледждің Instagram-дағы парақшасында студенттің көпшіліктен кешірім сұраған видеосы жарияланды.

«Әлеуметтік желілерде таралған диплом тапсыру рәсіміндегі бейнежазбаға байланысты колледж ұжымынан, оқытушылардан, Білім басқармасынан және барша жұртшылықтан шын жүректен кешірім сұраймын», – дейді түлек бейнежазбада.

Өзінің айтуынша, сахнада ресми дипломы емес, алдын ала дайындалған құжат көшірмесі жыртылған.

«Менің әрекетімде ешқандай жаман ниет немесе колледжге және оның құндылықтарына құрметсіздік көрсету мақсаты болған жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ желіні шулатқан студент болған жағдайға шын жүректен өкінетінін айтып, енді мұндай жағдайды қайталамауға уәде етті.