2 марта 2026 г. 15:46

Бишімбаев ісі бойынша танылған блогердің анасы 8 жылға сотталды

Фото: bilimdinews.kz

Астанада №81 Astana English School мектебінің бұрынғы директоры мен бас бухгалтеріне қатысты үкім шықты. Сот шешімімен 600 млн теңгеге жуық қаражат жымқырды деп айыпталған білім ошағының басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Астана, NEGE. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 65 жастағы мектеп директоры Гүлнар Садықова мен 41 жастағы бас бухгалтер Айжан Атжановаға қатысты үкім шықты. Олар Қылмыстық кодекстің аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танылды.

Іс материалдарына сәйкес, директор 2015 жылғы қазаннан 2024 жылғы тамызға дейін мектепте іс жүзінде жұмыс істемеген 6 еден жуушыны құжаттарға енгізіп отырған. Осы схема арқылы шамамен 29 млн теңге иемденген.

«Бұдан бөлек, (директор) 2015–2024 жылдар аралығында заңсыз түрде және жеке-дара шешім қабылдап, 501 білім алушыға білім беру қызметтерінің ақысына, жалпы сомасы 183 млн теңге көлемінде жеңілдіктер беру туралы бұйрықтар шығарған. Мектеп жарғысына сәйкес мұндай жеңілдіктер қарастырылмаған, себебі оқу ақылы негізде жүзеге асырылады», – делінген сот хабарламасында.

Сондай-ақ, сотталғандар 2018 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 31 мамырға дейін мектеп жанынан «0» сыныптар ашып, ата-аналардың төлеген ақшасы касса аппараты арқылы өткізілмей, қолма-қол алынған. Бұл қаражат есепшотқа түспей, бухгалтерлік құжаттарда көрсетілмеген. Осылайша 305 млн теңге пайда түскен.

«2021–2024 жылдары жазғы лагерьден түскен 25 млн теңге есепке алынбаған. Ал 2017–2024 жылдары шетелдік мұғалімдердің жалақысын жасанды көтеру арқылы 75 млн теңге жымқырылған», – дейді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.

Тергеу барысында бас бухгалтер 2017–2024 жылдары қылмыстық жолмен алынған шамамен 176 млн теңгені жеке депозиттік шотына аударып, 9 млн теңге сыйақы алғаны анықталды. Дей тұрғанмен, олар кінәларын сот отырысында мойындамады.

Ал прокурор соттан екі айыпталушыға 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сот олардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сараптамалармен және өзге де дәлелдермен толық дәлелденгенін ескеріп, үкім шығарды. Жаза тағайындау кезінде сот Гүлнар Садықованың 65 жаста екенін, Айжан Атжанованың үш кәмелетке толмаған баласы барын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.

Қылмыстың 2015–2024 жылдары ұзақ уақыт бойы жасалғанын және аса ірі көлемдегі залалды ескере отырып, сот Гүлнар Садықованы 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы шешім қабылдады.

Мектеп директорының екі қабатты үйі, автотұрағы мен зергерлік бұйымдары тәркіленді.

Айта кетейік, Гүлнар Садықова – Бишімбаевтың сотында куәгер болған блогер Индира Асанбаеваның анасы. Индира Асанбаева ресейлік әнші Дима Биланның концертінде Қуандық Бишімбаевпен сүйісіп амандасқанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Экс-министрдің сот процесі барысында олардың бұл әрекеті біраз талқыланды. Марқұм Салтанат Нүкенованың құрбысының сөзінше, бұл бейнежазбадан кейін ерлі-зайыпты арасында жанжал басталған. Кейін Индира Асанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында концертке құрбысымен барғанын, Бишімбаевпен сыпайы ғана амандасқанын жазған еді.

Ал, бас бухгалтер Айжан Атжанова 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның автокөлігі, автотұрағы және зергерлік бұйымдары тәркіленді. Сотталушының кәмелетке толмаған үш баласының болуына байланысты жазаны өтеу – 1 жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ, сот 588 млн теңге көлеміндегі азаматтық талапты қанағаттандырды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.