Б.Сапарбаев құрылыс нысандарын аралады
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, мердігерлердің сапасыз жұмысын сынға алды.
Алматы, NEGE. Биыл Тараз қаласындағы 163 ауланы абаттандыруға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Аймақ басшысы атап өткендей, бұл орайда бюджет қаражатын ұтымды ұқсату аса маңызды.
Б.Сапарбаев Желтоқсан және Дулати көшелерінің қиылысындағы суармалы арық жүйесін қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда 36 шақырымды құрайтын арық қалпына келтіріледі. Бүгінге дейін тек 8,5 шақырымы жөнделген. Бердібек Сапарбаев сылбыр жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін жатқан мердігер компанияны сынға алды.
«Қандай мердігер жұмыс жасауда? Сіздер жарамсыз деп тапқан жиектастар әлі 10 жылға жарайтындығына күмәнім жоқ. Олардың бәрін ауыстырудың керегі қанша? Әлеуметтік желілерде өз наразылығын білдірген тұрғындардың шағымы орынды. Бұған кеткен ақшаны балалар мен спорт алаңдарын абаттандыруға жұмсаған абзал. Облыс әкімінің міндеті – қаражат тауып, бөлу. Ал орындалатын жұмыстардың сапасы, тиімділігі мен мерзіміне тікелей бақылау жүргізу қала әкімінің міндеті. Айтқазы Дәулетқұлұлы, мұны жеке бақылауға алыңыз, осындай негізсіз әрекеттерді тоқтату керек. Жұмысқа жауапсыздықпен қарауға болмайды», – облыс әкімі Қарабалаевқа жүгінді.