Бірінші сыныпқа баратын балалардың 71%-ы қазақ тілін таңдаған
Қазақстанда жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданады. Мектепке қабылданған балалардың 71%-ы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Астана, NEGE. Министрліктің мәліметінше, болжамды көрсеткіштің 84%-ы, яғни 320 мыңға жуық бала мектепке қабылданып үлгерген. Оның ішінде 296 мыңға жуығы – мемлекеттік, 23 мыңға жуығы – жекеменшік мектептерге қабылданды.
Қалалық мектептерге шамамен 191 мың, ауылдық мектептерге 128 мың бала қабылданған. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттіліктері бар 4 мыңға жуық бала білім беру ұйымдарына қабылданды.
Бірінші сынып оқушылары ең көп күтілетін аймақтар:
- Түркістан облысы – 50 мың;
- Алматы облысы – 35 мың;
- Астана – 33 мың;
- Алматы – 31 мың;
- Шымкент – 29 мың.
Оқу-ағарту министрлігі бұл көрсеткіштерді өңірлердегі халық саны мен бала туу деңгейінің жоғары болуымен түсіндірді.
«Болашақ бірінші сынып оқушыларының 71%-дан астамы қазақ тілінде білім беретін сыныптарды, 26%-дан астамы орыс тілінде білім беретін сыныптарды, тағы шамамен 2,5%-ы басқа тілдерде білім беретін сыныптарды таңдады. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінің 2 мыңнан астам баласы мемлекеттік тілде білім беретін сыныптарға қабылданды. Бұл ата-аналардың балаларын қазақ тілінде оқытуға қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік ата-аналарға бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды белгіленген мерзімде рәсімдеуге кеңес берді. Қосымша ақпаратты таңдалған мектептен, eGov.kz порталынан немесе eGov Mobile қосымшасынан алуға болады.