Бірқатар өңір жылыту маусымына әлі толық дайын емес
Қазақстанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары 98%-ға жеткенімен, ірі қалаларда бірқатар мәселе бар. Әсіресе Алматы мен Шымкентте әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорын жылыту маусымына дайындау қарқыны төмен.
Астана, NEGE. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бүгінде ел бойынша 10 913 білім беру нысанының 10 693-і немесе 98%-ы дайын. 8 өңірде бұл жұмыс толық аяқталған. Алайда Алматы мен Ақтөбе облыстары жоспардан кейін қалып келеді.
Денсаулық сақтау нысандары бойынша 5 394 нысанның 5 281-і дайын. 6 өңірде көрсеткіш 100%-ға жеткенімен, Алматы мен Шымкент қалаларында дайындық деңгейі төмен.
Ал тұрғын үй бойынша 51 391 үйде қажетті жұмыстар аяқталған. Түркістан облысында тұрғын үй қоры толық дайын болғанымен, Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында дайындық қарқынын жеделдету қажет.
«Алдағы жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктер 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етуі тиіс», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Сонымен қатар автономды қазандықтардың 98%-ы дайын болғанымен, оларға қажетті көмір қорының көрсеткіші 69%-дан аспай тұр. Мазут қоры 88%-ға, дизель отыны 93%-ға дайындалған.
Министрдің айтуынша, орталық, солтүстік және шығыс өңірлер мен Астана 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін жылыту маусымына толық дайын болуы тиіс.