Британия жасөспірімдерге әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салмақ
Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуы мүмкін. Билік осылайша жас жеткіншектерді ғаламтордағы зиянды контенттен қорғағысы келеді, деп жазды 24.kz.
Алматы, NEGE. Үкімет бұған дейін Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң қабылдап, оны бұзған компанияларға ірі көлемде айыппұл салуды ұйғарғаны белгілі. Балаларға зиянды контент көрсеткені үшін платформалар табысының 10 пайызын төлеуге міндеттелді. Бірақ бұл аздық етеді деп шешкен билік енді 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қоймақ.
«Қазір осы мәселе бойынша ақылдасып жатырмыз. Болашақта балалар әлеуметтік желілерді пайдаланбас бұрын ата-анасының рұқсаты сұралатын болады»,– дейді Ұлыбританияның ғылым министрі Эндрю Гриффит.
Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Маңызды құжат балаларды қорғағанымен азаматтардың жеке өміріне қол сұғады дейді сарапшылар. Әсіресе, хат алмасқан кезде құпиялылық сақталмайды-мыс. Яғни, Ватсап, Вайбер пайдаланушылар бір-біріне қауіпті контент жібермеуі үшін жазбалары қадағаланатын болады.
Британияда қайырымдылық ұйымдары мен белсенділер 2017 жылдан бері ғаламтордағы қауіпті контентпен қатаң күрес жүргізуге шақырып келеді. Арнайы заң өткен күзде қабылданбас бұрын өте ұзақ тексеруден өткен болатын. Балаларды қорғауға арналған қайырымдылық ұйымының пікірінше, соңғы 6 жыл ішінде ғаламторда балалар өміріне қауіп төндірген 35 мыңға жуық қылмыс тіркелген.