Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 108 долларға жетті
Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асып, аптаны айтарлықтай өсіммен аяқтауға жақындады.
Астана, NEGE. Reuters ақпаратынша, Brent фьючерстері 0,8%-ға қымбаттап, барреліне 108,44 долларға жетті. WTI маркалы америкалық мұнай бағасы 0,7%-ға өсіп, 103,17 доллар болды.
Бір аптада мұнайдың негізгі екі эталондық маркасы шамамен 13%-ға қымбаттаған. Бұл шілденің ортасынан бергі ең жоғары апталық өсім болып отыр.
Мұнай бағасының өсуіне Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың шиеленісуі әсер етіп отыр. Иран қолдайтын хуситтер Йемендегі Моха портын бақылауына алды. Сонымен қатар танкерлерге жасалған шабуылдарға байланысты Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы шектелді.
Сарапшылар мұнай бағасының одан әрі өсуі әлемдегі ең ірі мұнай импорттаушы ел – Қытайдың сұранысына және нарықтағы нақты мұнай жеткізіліміне байланысты болатынын айтады.
Тамыз айында OPEC елдерінің мұнай өндіру көлемі тәулігіне 640 мың баррельге азайған. Сонымен қатар OPEC 2026 жылы әлемдік мұнай сұранысының өсу болжамын қатарынан бесінші рет төмендетіп, тәулігіне 380 мың баррельге дейін қысқартты.