«Бір сәтке уақыт тоқтап қалды»: Алматы тауларында туристер қар барысына кез болды

Алматы маңындағы тауларда қар барысы адамдарға жақын жерде көзге түсті.

instagram.com/oksana_perekupko

Астана, NEGE. Тауда барысқа қалай кез болғанын әлеуметтік желіде Оксана есімді әйел әңгімелеп берді. Алматылық Оксана Вика есімді құрбысымен тауда серуендеп жүргенде, сол маңда жүрген ит соңдарынан ерген. Бір уақытта ит алға озып кетіп, кейіннен мазасызданып үре бастаған.

«Жақындай түстік. Иттің жүні үрпиіп, бір нүктеге қадалып қарап тұр. Алда ештеңе көрінбейді: күн сәулесі көзді шағылыстырады, айналада бұталар мен шыршалар. Кенет ит орнынан атып тұрып, бірнеше секундтан кейін ол кері қарай зулай жөнелді, ал оның соңынан барыс қуып келеді! Бір сәтке уақыт тоқтап қалғандай болды. Таңғы күн сәулесі мен бұрқыраған шаңның ортасында барыс фильмдегі кадрдай әсер қалдырды», – деп сипаттайды барысты көрген сәтін Оксана.

Иттің соңынан қуып келе жатқан барыс адамдарды байқаған кезде тоқтап қалған. 

«Ол бізге өте жақын келді. Итті уайымдап айқайлай бастадық. Барыс бірнеше секунд бізді қызықтап қарап тұрды да, кейін шыршаның артына қарай аяңдап кетіп қалды», – дейді оқиға куәгері.

Кейін олар барысты соқпақтың жоғары жағынан тағы бір рет көріп қалған. Айтуынша, жануар жақын маңдағы жемтігін қорып жүрсе керек.

Ал жыртқыштың азуынан аман қалған итті турист әйелдерге жолай кездескен жігіттер төменгі ауылға қарай ерте кеткен.