Бір күнде 14 айыппұл: Алматы облысында жүргізушілер дабыл қағып жатыр

Алматы облысында жүргізушілер жол камераларынан келген айыппұлдарға шағымдана бастады. Кейбір көлік иелеріне бір күнде бірнеше айыппұл келген. Тіпті бір жүргізуші бір күнде 14 айыппұл алғанын айтқан.

yvision.kz

Астана, NEGE. Алматы тұрғыны Ришат Асқарбекұлы мәселені Facebook парақшасында көтерді. Оның сөзінше, Алматы маңындағы жолдарда жүрген бірнеше жүргізуші күтпеген жерден көп айыппұл келгеніне шағымданған.

«Маған хабарласқан бір таныс азамат Алматы – Тараз арасында таксист болып жұмыс істейді. Ертең бір топ жүргізуші Қонаев қаласындағы Полиция департаментіне барып, мән-жайды анықтамақ. Бір жүргізуші бір күнде 14 айыппұл келгенін айтады. Одан бөлек, 4-5 айыппұл арқалағандар да аз емес», – деп жазды ол.

Скрин автор жазбасынан

Ришат Асқарбекұлының өзі де соңғы бір аптада төрт айыппұл алған. Төрт күн бұрын Қорғасқа барып қайтқан тұрғын алғашқы айыппұлдарды 50 пайыздық жеңілдік мерзімі өтіп кетпесін деп төлегенін айтады. Алайда кезекті айыппұл келгенде хаттамадағы деректерге күмәнданған.

«Мән беріп қарасам, жылдамдық пен шектеудің сандарында алшақтық бар. Түсіне алмадым. Бұл трассада 70 және 110 км/сағ. жылдамдық шектеуі бар. Ал 97 км/сағ. деген қайдан шықты? Камераға түскен уақыт күндізгі сағат 8-де, ал фото қараңғыда түсірілген сияқты. Сонда бір аптада төрт айыппұл келді. Не үшін 50 мыңға жуық айыппұл келіп тұр?» – дейді Алматы тұрғыны.

Полиция не дейді?

NEGE редакциясы жүргізушілердің шағымына байланысты Алматы облысының Полиция департаментіне ресми сауал жолдады. Ведомство қазір аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Аталған факті бойынша Алматы облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізуде. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларын бұзуды тіркеу полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз автоматты режимде жүзеге асырылатынын атап өтеміз», – деп жауап берді баспасөз қызметі.

Әзірге жүргізушілерге келген айыппұлдардың заңдылығы немесе камералар жұмысында техникалық ақау болған-болмағаны туралы нақты қорытынды жоқ. Полиция бұл сұрақтарға тексеру аяқталғаннан кейін жауап бермек.