«Бір ғана өтінішіміз – бостандығымыздан айырмаңыздар»: Жанабыловтар сотта жылап тұрып кешірім сұрады
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова сотта жылап тұрып, өздеріне бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Астана, NEGE. Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, жазаны қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуді ұсынды. Сонымен бірге Эльмира Төлегенованың жазасын бір жылға шегеруді сұрап, ерлі-зайыптылардың мүлкін тәркілеуді талап етті.
Осыдан кейін айыпталушылар өз ұстанымдарын жеткізді.
Ерболат Жанабылов сотта өздерін алаяқ ретінде көрсетуге қарсылық білдіріп, мұнымен келіспейтінін айтты. Сондай-ақ ол блогерлікке дейін жылдар бойы қара жұмыспен айналысып, ел қатарлы қарапайым өмір сүргенін жеткізді. Сонымен бірге өздеріне неге осыншалық қатаң жаза сұралып отырғанын түсінбейтінін айтты.
Бұдан кейін Эльмира Төлегенова сөз алып, жолдасымен бірге кінәларын ішінара мойындайтынын тағы да айтты. Ол істің мұндай деңгейге жететінін алдын ала білмегенін, егер білгенде, әкімшілік құқықбұзушылық жасағандарын бірден мойындап, айыппұл төлейтіндерін жеткізді.
Сондай-ақ сол кезде заңгерлердің кеңесіне еріп, кінәларын бірден мойындаса, іс қылмыстық бап бойынша қаралуы мүмкін деп қорыққандарын айтты. Осы жағдайға жеткізген әрекеттеріне өкінетінін де жасырмады.
Төлегенова жылап тұрып, судьядан жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
«Біз өкінеміз, 214-бап бойынша кінәмізді мойындаймыз. Ал 218-баппен келіспейміз. Бізде бұл қаражатты жасыру, жымқыру немесе сыртқа шығару ниеті болған жоқ. Сізден бас бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындамауды өтініп сұраймын», – деді Эльмира Төлегенова.
Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдарында Жанабыловтарға қатысты «алаяқ», «халықты алдаған» деген пікірлер айтылып жүргеніне де тоқталды. Оның сөзінше, егер адамдарды алдау фактісі расымен дәлелденсе, онда іс мүлде басқа баппен, нақты айтқанда, алаяқтық ретінде сараланар еді.
«Менің қорғауымдағы азаматтар заңның барлық қыр-сырын уақытында толық түсінбегені үшін жауапқа тартылып отыр», – деді Гаухар Айтжанова.
Ол судьядан айыпталушылардың отбасылық жағдайын да назардан тыс қалдырмауды сұрады. Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова үш кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отыр. Бұған қоса, олардың қарауында қарт ата-анасы мен әжесі бар. Адвокаттың айтуынша, асыраушыларынан уақытша айырылу бұл отбасы үшін ауыр соққы болмақ.
Гаухар Айтжанова блогерлерді бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сотта Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушісі Абзал Әлімханов куәгер ретінде жауап берді. Ол айыпталушыларға қысым көрсетпегенін және оларға қатысты ешқандай заңсыз әрекет жасамағанын мәлімдеді.
«Жанабыловтардың тергеу тарапынан қысым көрсетілді деген мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейді. Мұндай жағдайлар болған жоқ. Аталған уәждер ойдан шығарылған. Осыған байланысты, құрметті сот, мен Ерболат Жанабыловқа қатысты ҚР ҚК 411-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау туралы құқық қорғау органына жүгіну құқығымды қалдырамын», – деді тергеуші.
Осылайша, ол айыпталушылардың өзіне қарата айтқан сөздеріне байланысты жала жабу бабымен шағым түсіру мүмкіндігін жоққа шығармады.
Сот барысында онлайн режимде блогер Нұрбек Нұртаза да жауап берді. Ол осындай ұқсас жағдай бойынша өзіне әкімшілік жаза қолданылғанын айтты.
«300 АЕК төледік. Істің мән-жайына қатты тереңдеп барған жоқпын. Бұл өткен жылы, жаздың соңы не күз мезгілінде болған. Біз әкімшілік жауапкершілікке тартылдық. Даулы мәселеге кіріспей, айыппұлды төлеп, қызметімізді тоқтаттық», – деді ол.
Сот аяқталып, істің жалғасы ертең сағат 15:00-ге белгіленді.
Жарыссөз біткеннен кейін айыпталушы тарап пен олардың қорғаушысы журналистерге қысқаша пікір білдірді.
Эльмира Төлегенова сотта аты аталған өзге блогерлерге қатысты да түсініктеме берді.
«Дәл осындай курстар жасаған өзге блогерлерді жауапқа тарту ниетіміз болған жоқ. Олар туралы неге айтылып жатыр деген сұрақ туындаса, Өтебұлатов (сәттілік барабанын іске қосқан маман) экономикалық тергеу департаментінде олардың әрекеттері бізге ұқсас екенін айтып, жауап берген. Яғни олар біздің бастамамызбен емес, куәгер ретінде шақырылып, сот залына жеткізілді», – деді ол.
Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова соттың әділ шешім шығаратынына үмітті екенін айтып, тағы да бас бостандығынан айырмауды сұрады.