Бір «Барни» үшін күйеуімен жанжалдасқан: Жамбылда жас ана көз жұмды
Жамбыл облысының Меркі ауылында жас әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Астана, NEGE. Қайғылы жағдайдың алдында ол құрбысына күйеуінің өзіне қол көтергенін айтып, үйден кетуге шешім қабылдағанын жазған. Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалды.
Марқұмның құрбысы Threads желісінде оқиға туралы жазба жариялап, Мадинаның қайғылы жағдайға дейін өзімен жазысқан хаттарының скриншоттарын бөлісті. Ол қазір де оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер жариялап отыр.
Жарияланған хат алмасуда Мадина күйеуімен бір «Барни» бисквитіне байланысты жанжалдасқанын айтқан . Оның жазуынша, күйеуі тәттіні баласына әкелген, ал Мадина оның біреуін жеп қойған. Осыдан кейін күйеуі не үшін жегенін қайта-қайта сұрап, соңы жанжалға ұласқан.
«Бүгін Мадиярмен қатты ұрыстым. Бір «Барни» шоколады үшін ұрыстық қой. Тіпті ұрып жіберді. Иә, балаға алып келіпті, содан біреуін алып жегем. Соған «Неге жейсің, мен оны балаға алып келдім» деді», – деп жазған Мадина құрбысына.
Хатта келіншектің жанжалдан кейін үйден кетуге шешім қабылдағаны да айтылған. Ол чемоданын жинап, құрбысынан жолға 15 мың теңге қарыз сұраған.
Құрбысының Threads-тегі жазбасында Мадинаның денесінде көптеген көгерген із болғаны да айтылады. Оның сөзінше, марқұмның денесінің «сау-тамтығы қалмаған», ал шашынан нан қоқымы табылған. Құрбысы осы белгілерге қарап, оны сүйреген болуы мүмкін деген болжамын жазған. Бұл мәліметтерге құқық қорғау органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.
Бүгін, 17 тамыз Мадинаны жерлеу рәсімі өтті. Оқиға орнына барған туыстары мен журналистердің Threads-тегі жазбаларына қарағанда, жаназаға күйеуінің жағынан ешкім келмеген. Бұл ақпарат та әзірге ресми органдар тарапынан расталған жоқ.
Жамбыл облыстық полициясы аталған жағдайға қатысты өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегімен сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Күйеуінің әйелге қол көтергені, марқұмның денесіндегі жарақаттар және қайғылы жағдайдың алдында болған отбасылық жанжалдың мән-жайына құқық қорғау органдары әлі түпкілікті баға берген жоқ.