Бозымбаев Шэньчжэнь тәжірибесін Алатау қаласын дамытуға қолдану мәселесін талқылады

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Қытайға жұмыс сапары аясында Шэньчжэнь қаласының мэрі Цинь Вэйчжунмен кездесті.

Вице-премьердің баспасөз қызметі

Астана, NEGE. Кездесуде инвестиция тарту, инновациялық экожүйені дамыту, қаланы цифрлық басқару және заманауи технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Негізгі назар Қазақстандағы жаңа экономикалық өсу орталығы ретінде Алатау қаласын дамытуға аударылды.

Қанат Бозымбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік жүйелі түрде нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке – 48,7 млрд долларға жеткен. Ал 2005–2025 жылдар аралығында Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 млрд доллардан асқан.

Вице-премьердің баспасөз қызметі

Кездесу барысында Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі мен даму моделін әзірлеу барысында әлемдік тәжірибе, соның ішінде Шэньчжэньдің даму жолы ескерілетіні айтылды. Шэньчжэнь қысқа уақыт ішінде инновация, жоғары технология және кәсіпкерлік саласындағы әлемдік орталықтардың біріне айналды.

Шэньчжэнь мэрі Цинь Вэйчжун Қазақстанның Алатау қаласын құру бастамасына оң баға беріп, ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа буын жобаларын сәтті іске асыру үшін ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарас, инвестиция тартуға ашық болу және инновацияны тұрақты енгізу маңызды.

Вице-премьердің баспасөз қызметі

Қанат Бозымбаев Шэньчжэнь компаниялары мен даму институттарын Alatau City жобаларына қатысуға шақырды. Әсіресе жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым, логистика, жасыл энергетика және жоғары технологиялық өндіріс бағыттарына тоқталды.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар Шэньчжэнь мен Алатау қалалары арасындағы инвестициялық және іскерлік байланысты одан әрі дамытуға дайын екенін растады.