«Бойымды сан түрлі сезім биледі»: Жетісуда 31 жастағы келіншек дүниеге төртем алып келді
Жетісу облысының акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында төртем дүниеге келіп, 31 жастағы әйел бірден төрт ұлдың анасы атанды.
Астана, NEGE. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, нәрестелер 24 қыркүйекте жүктіліктің отызыншы аптасында күнінде кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Сәбилерге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан деген ат қойылыпты.
«Бірден төрт бала күтіп жүргенімді білгенде, бойымды сан түрлі сезім биледі. Таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына сендім», – дейді сәбилердің анасы.
Төртемге жүкті болу өте сирек кездесетін жағдай болғандықтан, болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болыпты. Мерзімінен бұрын босану қаупінің жоғары болуына байланысты дәрігерлер ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын дер кезінде жүргізіп, қажетті медициналық көмек көрсеткен.
Мұндай жүктілікті қадағалап-қарау акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар мен неонатологтардың үйлесімді жұмысын талап еткен.
Сәбилерімен бүгін, 10 қараша күні перзентханадан шыққан төртемнің анасы аман-есен босандырып алған АГПҒО дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.