Бостандықтың құны – 25 миллион теңге
«Алматыметроқұрылыс» директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов 25 миллион теңге кепілқұн төлеп, бостандыққа шықты. Мұны Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы, NEGE. «2019 жылдың 28 қарашасында Алматы қаласының мамандандырылған сотының шешімімен күдікті Қ.Реимов қамауға алынған болатын. 1 желтоқсанда кепілқұн төленіп, Реимов бостандыққа шықты» дейді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Реимовке қатысты бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та түсініктеме берді. Министр былай дейді: «Сот шешімімен 25 миллион теңге кепілқұн төленді. Сондықтан процедуралық мәселелер бар. Қорғаушылар осындай сомаға бағаланған жылжымайтын мүліктің құжаттарын ұсынды. Осы процедуралардан соң ол (Реимов – ред.) бостандыққа шықты» деді министр.
Естеріңізге салайық, «Алматыметроқұрылыс» басшысы Қайрат Реимов «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген күдікпен қамауға алынған болатын. Метро құрылысшылары бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізіп, жұмыс тоқтап қалуы мүмкін екенін ескертті.