Борышкерлердің шотында өмір сүруге жететін қаражат қалуы керек – депутат

«Ауыл» партиясының депутаты Алмас Мұхаметов Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің атына депутаттық сауал жолдап, азаматтардың банктік шоттарын шектеу кезінде қорғалатын ең төменгі төлем мөлшерін енгізуді ұсынды.

Алмас Мұхаметов/instagram.com

Астана, NEGE. Депутаттың айтуынша, бүгінде төлемнің көбі цифрлық жолмен жасалатындықтан, банк шотына шектеу қойылған адамдар жол ақысын, байланыс, су, жарық, жылу ақысын төлеуде және азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуда қиындыққа тап болады.

«Қарыз қайтарылуы керек. Бірақ қарыз үшін адамды қалыпты өмір сүру мүмкіндігінен толық айыруға болмайды. Аяқ-қолын матап тастап, адамнан жүгіруді қалай талап етеміз?!» – дейді ол.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда борышкер шотындағы кірістің кемінде елу пайызы және өмір сүруге керек ең аз ақша сақталуы тиіс деген талап бар. Алайда депутат бұл талап қағаз жүзінде қалып отырғанын айтады. Айтуынша, іс жүзінде шоты шектелген адамның өзіне қалуы тиіс ақшаны пайдалану мүмкіндігі де шектеледі.

Осыған байланысты «Ауыл» партиясы борышкердің өмір сүруіне керек ең аз ақшаның сақталуын несие шартында міндетті түрде көрсетуді, осы тәртіпті банктердің жүйесі арқылы автоматты түрде іске асыру мүмкіндігін қарастыруды, банк шотына шектеу қойылған кезде адамның негізгі керегіне жұмсайтын ақшасын пайдалану тәртібін нақты белгілеуді ұсынады.

Қазақстанда 90 күннен астам төленбеген проблемалық кредит көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Ал атқарушылық іс жүргізу кезінде 1,5 миллионнан астам адамның банк шотына тыйым салынған.