«Борат» фильмінің екінші бөлімі түсіріліп бітті
Британдық әзілкеш Сача Барон Коэн «Борат» фильмінің екінші бөлімін түсірді, деп хабарлайды Collider.
Алматы, NEGE. Түсірілімі аяқталған фильмді киноиндустрия саласындағы үздік мамандар көріп те үлгерген.
Фильмнің сюжеті әзірге хабарланған жоқ. Шетелдік БАҚ өкілдерінің айтуынша, фильмнің желісі бойынша басты кейіпкер бірінші бөлімдегі жетістігінен кейін өзін әйгілі киножұлдыз санайтын болады. Ол өзін басқа адам етіп көрсетіп, көпшіліктен жасырынып жүруге тырысады және көшедегі адамдармен жасырын сұхбат жүргізеді.
Сонымен қатар, кино бюджетіне кімнің ақша бөлгені, режиссердің аты-жөні белгісіз. Одан бөлек, фильмнің қалың көрерменге қашан "жіберілетіні" туралы да ақпарат жоқ.
Кейбір дереккөздерде атышулы кинокартинаның премьерасы АҚШ-тағы жаңа президенттік сайлауға дейін болатыны айтылған. Collider басылымы актердің желіде тараған Борат образы жарнама немесе телехикая емес екенін, бұл толықметражды кино екенін сенімді түрде жариялады.