Болат Өтемұратов Монакодағы ең қымбат аудандардың біріне инвестиция құйған

Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов – Монакодағы Жерорта теңізінің жағалауында салынған Mareterra элиталық ауданының инвесторларының бірі. 

bulatutemuratov.kz

Астана, NEGE. Forbes Australia басылымының мәліметінше, қазақстандық кәсіпкер Mareterra жобасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарында. Миллиардердің жобадағы үлесі 5%-дан 10%-ға дейін болған.

Болат Өтемұратов Forbes басылымына берген пікірінде жобаға қатысуының қаржылық нәтижесінен бөлек, Монако мен өңірдің символына айналған бастаманы қолдағанына ризашылығын білдірді.

«Шын мәнінде ерекше дүние жасасаңыз, нарық та соған сай жауап береді. Қаржылық нәтижеден бөлек, Монако мен осы өңірдің көрнекті нышанына айналған жобаны қолдағанымызға ерекше қуаныштымыз», – деді ол.

Mareterra құрылысына шамамен 2,3 млрд доллар жұмсалып, жоба 11 жыл бойы жүзеге асырылды.

Жобадағы барлық 130 пәтер мен вилла құрылыс аяқталмай тұрып-ақ сатылып кеткен. Mareterra жылжымайтын мүлкін сатудан түскен жалпы табыс 6,6 млрд доллардан асты.

Forbes келтірген қаржылық құжаттарға сәйкес, 2025 жылдың 30 маусымындағы жағдай бойынша жобаны жүзеге асырған компанияның таза пайдасы 3 млрд долларға жеткен. Бұл қаражат инвесторларға үлестірілген.

Қазір Mareterra әлемдегі ең қымбат тұрғын аудандардың бірі саналады. Мұндағы кейбір пәтерлердің бағасы бір шаршы футы 12,9 мың долларға дейін бағаланады. Ал теңіз жағалауындағы виллалардың құны 230 млн доллардан басталуы мүмкін.

Mareterra жобасына Монакодағы танымал девелоперлер мен халықаралық дәрежедегі миллиардерлер де инвестиция салған. Олардың қатарында Патрис Пастор, Казираги әулеті және швейцариялық миллиардерлер Джаммария мен Марио Джермано Джулиани бар.