5 марта 2026 г. 14:56

Болат Назарбаевтың экс-жұбайы марқұмның үстінен арыз жазды

Фото: respublika.kz.media

Майра Құрманғалиева марқұм Болат Назарбаевқа және оның айналасындағы бірқатар адамдарға қатысты алаяқтық дерегі бойынша арыз жазған. Бұл туралы «Чиновник» Telegram арнасы хабарлады.

Алматы, NEGE. Құрманғалиеваның шағымында 2011 жылы оның Қазақстан аумағында болмаған сәтін пайдаланып, Болат Назарбаевтың айналасындағы адамдар Алматы қаласындағы бірнеше жылжымайтын мүлік нысанын өз аттарына рәсімдеп алғаны айтылған.

Аталған жайтқа байланысты NEGE редакциясы түсініктеме алу үшін Ішкі істер министрлігіне және Алматы қаласының Полиция департаментіне хабарласты. Құзырлы органдар әзірге ресми жауап берген жоқ.

Айта кетейік, Майра Құрманғалиева бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына ілігіп, түрлі даулы істерде аты аталған. Оған 2011–2012 жылдары алаяқтық, бопсалау және заңсыз бас бостандығынан айыру айыптары бойынша халықаралық іздеу жарияланған.

Ал 2022 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі Құрманғалиеваға қатысты активтерді рейдерлік жолмен басып алу дерегі бойынша тергеудің қайта қозғалғанын хабарлады.