«Болашақ» талапқа сай келмейтін 340 адамға 7,7 млрд теңге шәкіртақы төлеген
«Болашақ» бағдарламасында бірқатар заңбұзушылық анықталды – белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін 801 үміткер конкурсқа жіберілген. Олардың 340-ына жалпы сомасы 7,7 млрд теңге көлемінде шәкіртақы тағайындалған. Алайда олардың мамандықтары басым бағыттар тізіміне кірмеген.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сілтеме жасаған BES.media желілік басылымы хабарлайды.
Бұдан бөлек, бекітілген шектен тыс тағы 151 шәкіртақы тағайындалған. Соның салдарынан, аудиторлардың есебінше, 2,5 млрд теңге шығын келген.
Ал жасанды интеллект бағыты бойынша Президент тапсырмасымен белгіленген 54 шәкіртақының 49-ы басқа мамандықтарға қайта бөлінген.
Сондай-ақ аудиторлар 71 жағдайда шәкіртақы иегерлерінің бір-біріне кепілгер болғанын анықтаған. Мұндай міндеттемелердің жалпы сомасы 876,9 млн теңге болған.
Сондай-ақ оқуына 4,9 млрд теңге жұмсалған 185 адам шәкіртақысынан айырылған немесе одан өз еркімен бас тартқан. Бұған қоса олардың 70 пайыздан астамы ұзақ уақыт бойы өз міндеттемелерін орындамағаны анықталған. Кейбір жағдайларда заңбұзушылықтар 18 жылға дейін созылған.
Академиялық үлгерімді бақылау да формалды сипатта болған. Төмен баға алған 14 адам шәкіртақы иегері мәртебесін сақтап қалған. Тағы 70 адамға оқу мерзімі ұзартылған, олардың кейбірі оқуын белгіленген мерзімде аяқтай алмай, 13 жылға дейін созған.
Бағдарлама талаптарын бұзған 15 шәкіртақы иегеріне қатысты Халықаралық бағдарламалар орталығы шәкіртақыдан айыру туралы материалдар әзірлеген. Алайда бұл құжаттар тиісті комиссияның қарауына жолданбаған. Соның салдарынан олар жауапкершіліктен құтылып кеткен.