«Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау басталды: қанша стипендия бөлінді?

Халықаралық бағдарламалар орталығы 16 наурызда «Болашақ» және «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталғанын хабарлады.

Болашақ

Астана, NEGE. Орталық мәліметінше, «Болашақ» бағдарламасына құжат қабылдау 16 наурызда басталып, 16 қазанға дейін жалғасады. Өтінім egov.kz порталы арқылы қабылданады.  Ал «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасына құжаттарды 16 наурыздан 30 қазанға дейін egov.kz порталы арқылы немесе Астанадағы ХБО кеңсесіне барып тапсыруға болады.

Конкурстық іріктеу 2026 жылғы 13 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді

2026 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына бірқатар жаңалықтар енгізілді.

«Атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері (I–III орындар) үшін "бакалавриат" санаты енгізілді.

Сонымен қатар атом энергетикасы саласында мамандар даярлауға арналған жеке бағыт іске қосылып, "Жасанды интеллект" бағыты бойынша кәсіби тағылымдамаларға бөлек санат бөлінді», – делінген ресми ақпаратта.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 635 стипендия бөлінді.

Олар келесідей бөлінген:

  • бакалавриат бағдарламасы бойынша – 20 стипендия;
  • магистратура бағдарламасы бойынша – 400 стипендия;
  • докторантура бойынша – 50 стипендия;
  • тағылымдамалар бойынша – 165 стипендия.

«Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдамадан өту үшін қызметкерлердің мынадай санаттары бекітілді:

  • инженерлік-техникалық қызметкерлер, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері;
  • атом өнеркәсібі саласының қызметкерлері;
  • жасанды интеллект жүйелерін пайдаланушылар;
  • мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері;
  • медицина қызметкерлері;
  • мемлекеттік қызметшілер;
  • бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
  • мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
  • судьялар және сот жүйесінің қызметкерлері.

«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша 2026 жылы 250 стипендия бөлінді.

Мемлекет академиялық оқу, тағылымдамадан өту, жол жүру(ұшу), медициналық сақтандыру, визалық алымдар, оқулық материалдарын сатып алу шығындарын толық өтейді, сондай-ақ ай сайын стипендия төлейді.

Толық ақпаратпен ресми сайттан танысуға болады.

Қазір оқып жатыр

Қазақстан туы әлемдегі ең әдемі ту деп танылды

Астанада лауазымды тұлғаның қателігінен педагогтер әлеуметтік аударымнан қағылған

Тоқаев туристік сала мен балалар спортын қолдауға арналған заңға қол қойды

Астанада 15 жастағы жасөспірім іздестіріліп жатыр