Bloomberg: Қазақстанда қаржы компанияларынан тек Aitu-ды қолдану талап етілуде

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сақтандыру компаниялары мен қаржы ұйымдарына клиенттермен байланыс орнату үшін жергілікті мессенджер – Aitu-ды қолдануды талап етіп, хат жолдаған.

btsdigital.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап жазды.

Басылым дереккөздерінің мәлімдеуінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өз хатында президент әкімшілігінің қаңтар айындағы тапсырмасына сілтеме жасап, бұл талаптан тек «банктік экожүйелер» ғана босатылатынын атап өткен. Сонымен қатар бұл шара жеке деректерді қолдау мақсатында қолға алынып отырғаны айтылған.

Алайда реттеушінің бұл ұсынысына саладағы лоббистік ұйымдар наразы болып отыр. Олар Aitu-дың қолданушылар саны мен функционалы шектеулі, интеграция шығындары жоғары екенін алға тартады. Жеке әрі қаржылық деректерді берудің құқықтық базасы толық қалыптаспауы да сұрақ тудырған.

Сарапшылардың айтуынша, бірыңғай суперқосымша кибершабуылдар мен деректердің таралу қаупін арттыруы мүмкін. Сонымен қатар мұндай жүйе билікке экономиканы қатаң бақылауға, қаржы жүйесін басқаруды күшейтуге және талаптардың орындалуын бақылауға қосымша мүмкіндіктер береді.

Aitu 2018 жылы іске қосылған. Ол бастапқыда мессенджер ретінде құрылып, кейін төлемдер, медиа-контент және кейбір мемлекеттік қызметтерді ұсынатын платформаға айналды. Қосымшаны қазақстандық BTS Digital компаниясы әзірлеген. Компания мәліметінше, наурыз айындағы жағдай бойынша қосымшаның пайдаланушылары 1 миллионнан асқан.

Еске салсақ, 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отандық Aitu мессенджеріне «тиісті деңгейде көңіл бөлмей отырғанын» сынға алған болатын. Президент тіпті оны мемлекеттік қызметкерлер де пайдаланбайтынын атап өтті.

Сондай-ақ, Тоқаев жиында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтен отандық AITU мессенджерін қанша адам пайдаланатынын сұрады. Вице-премьер оны «миллионға жуық» адам қолданатынын айтты. Алайда Президент бұл деректердің шынайылығына күмән келтіріп, оны тексеруді тапсырған болатын.

Қазір оқып жатыр

Наурыз ҰБТ-сы тапсырмаларынан 17 қате анықталған

ШҚО-да сот ұсталған депутаттың компаниясын тас жолды қайта жөндеуге міндеттеді

Қостанайда субсидияға бөлінген 3 млрд теңге жымқырылған: қылмыстық топқа үкім шықты

Депутаттар портреті. Асхат Аймағамбетов. Реформатор