Блок-постқа пысқырмайтын қай генералдың туыстары?
Кешелі бері әлеуметтік желіні әлдебір видео кезіп жүр. Алматыда аса қымбат бірнеше көлік төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысының пәрменімен қойылған блок-посттарға пысқырмай, облыс пен қаланың арасын шаңдатып жүр...
«Масайраған мажорлар» деген шым-шытырық фильмнің сюжетіне сұранып тұрған оқиғаның ұзын-ырғасы мынадай: Бір топ адам әлдебір мекеменің алдына қымбат көліктерін қаңтарып қойған. Көліктердің мемлекеттік нөмірі анық көрінеді: «Мерседес-Гелендваген» – 777 МАМ 05, «Кадиллак» – 899 JXA 02, «Мерседес S-класс» – 700 RA 02 және «Бентли» – 010 JJ 02.
Одан кейін әлгілер колоннамен әлдебір жаққа бет алады. Жол ережесі дегенге пысқырып та қарамайды. Қарсы бағытқа шығып, айналасындағылардың өміріне бірнеше мәрте қауіп төндіреді.
«Алматыда кім ереже бұзбай жатыр, көп байшыкештердің балаларының бірі болар» деп қоя салар ма едік, әлгілер блок-посттардан әрі-бері ойқастап өтіп жүргендерін масаттана жарияламағанда.
Қымбат көліктер блок-постқа жақындағанда көліктердің арасына өңмеңдей сұғынып қарсы бағытқа шығады да, постта тұрған полицейдің иегінің астынан түк болмағандай өтіп кете барады. Одан арғысы – кәдімгі той. Аста-төк дастарханда бірнеше адам малжаңдап тамақ жеп, әлденені атап өтіп жатыр...
Осы оқиғаға байланысты Nege.kz редакциясына хабарласқан оқырманымыз қызық жайттың шетін шығарғандай болды. «Видеода төтенше жағдай кезінде ереже бұзған көліктердің мемлекеттік нөмірлері анық көрініп тұр. Кейбір «кейіпкерлердің» де бет-әлпеті айқын байқалады. Бұлардың арасында құқық қорғау органдарына тікелей және жанама қатысы бар адамдар бар екені анық.
Жуырда құқық қорғау саласының аты-жөні елге белгілі генералының немересі дүниеге келді. Бұлар – генералдың немересін перзентханадан шығарып алушылар. Екіншіден, төтенше жағдай кезінде полицияның қатардағы қызметкері блок-посттарға бұлай әмірін жүргізе алмайды. Бұл тек генералдың, генерал болғанда да қызмет бабында жүрген генералдың қолынан келетін шаруа», – дейді оқырманымыз.
Халық төрт қабырғаға қамалып отырған кезде «әлдебір генералдың туыстары» жұрттың онсыз да ширыққан жүйкесіне ши жүгірткендей болды.
Оқырманымыз сөз еткен генералдың қаншалықты құдыретті екенін арнайы органдарының қалай әрекет ететінімен, заң бұзғандарды жария түрде қалай жазалайтынымен бағамдайтын боламыз енді.