5 февраля 2026 г. 9:31

Блогерлер Жанабылов пен Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды

Фото: instagram/zhanabylov_e
Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Тергеу материалдарына сәйкес, Instagram әлеуметтік желісінде миллиондаған аудиторияға ие ерлі-зайыпты жазылушыларының сенімін заңсыз табыс табу мақсатында пайдаланған. 

«2025 жылы олар онлайн-курстарды сату деген желеумен заңсыз схема ұйымдастырған. Аталған "курстарды" сатып алудың негізгі себебі – қымбат сыйлықтар ұтысына қатысу болған», – делінген хабарламада.

ҚМА мәліметінше, таратылған бейнематериалдардың басым бөлігі ашық дереккөздерден, соның ішінде YouTube платформасынан алынған. Бұл курстардың нақты білім беру құндылығы болмаған және олар заңсыз лотерея қызметін формалды түрде жасыру үшін ғана пайдаланылған.

«Жүлде қоры жария түрде мәлімделгендей жеке қаражаты есебінен емес, онлайн-курстарға ақы төлеу түрінде қатысушылардан түскен ақша қаражаты есебінен қалыптастырылған», – дейді ведомство өкілдері.

Электронды «сәттілік барабанының» параметрлерін өзгерту фактілері анықталған, соның нәтижесінде 5 мың теңгелік жүлдені ұтып алу ықтималдығы жасанды түрде арттырылып, ал құнды жүлделерді ұтып алу мүмкіндігі едәуір төмендетілген.

«Күдіктілер жария түрде ең көп репост жасаған қатысушыға 11-автокөлікті табысталғаны туралы мәлімдеп, акцияның қамту аясын кеңейтуді және назар аударуды көздеген. Алайда іс жүзінде жеңімпаз анықталмаған және сыйлық табысталмаған», – делінген хабарламада.

Нәтижесінде азаматтардан «Zhana Business» ЖШС-нің бақылауындағы шоттарға түскен қаражаттың жалпы сомасы 247,5 млн теңге болған, оның 60 млн теңгесі депозиттік шоттарға орналастырылған.

«Сот санкциясымен 17 iPhone ұялы телефонына және Lamborghini Urus пен Lexus LX 600 автокөліктерін қоса алғанда, 10 автокөлік бұғатталды.

Күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», – деп хабарлады ҚМА.

Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс материалдарымен танысуға кірісті.