Блогерлер ісі: Жанәбіловтердің адвокаты айыптаулардың қолдан жасалғанын мәлімдеді
Ерлі-зайыпты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованың адвокаты Жасұлан Рақымғалиев тергеу органдарының әрекетін қатаң сынға алып, өзінің қорғауындағы блогерлерге қатысты қылмыстық істі тергеу барысында заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Адвокаттың айтуынша, ерлі-зайыптының екеуі бірдей Қылмыстық кодекстің бір бабы бойынша еш негізсіз күдікке ілінген. Әңгіме «Заңсыз кәсіпкерлік» бабы туралы болып отыр. Адвокат айыптаудың өзі қылмыстық құқықтың негізгі қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.
«Ерлі-зайыптының кәсіпкерлік қызметі некеде болған кезде жүргізілсе де, бір ғана әрекет үшін екеуі бірдей жауапкершілікке тартыла алмайды. Отбасы – қылмыстық топ емес. Егер кінә дәлелденсе, жауапкершілік тек нақты бір адамға ғана жүктелуі тиіс», – деді Жасұлан Рақымғалиев.
Адвокат істің дәлелдемелік базасына да ерекше назар аударды. Оның сөзінше, айыптаудың негізіне ойын бизнесі мен лотереяларды реттеу комитетінің қорытындысы алынған.
«Бұл орган бұған дейін өзі әкімшілік хаттама жасап, әкімшілік сотта айыптауды қолдаған. Ал қазір оның қорытындысын тәуелсіз маманның пікірі ретінде көрсетуге тырысып отыр. Мен мұндай дәлелдемені жол берілмейді деп санаймын, себебі бұл – мүдделі тарап», – деді Рақымғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы ақылы курс арқылы 10 автокөлік пен өзге де қымбат сыйлықтарды ұтысқа қойғаннан кейін дауға қалды. Себебі Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотереяларды тек ресми операторлар ғана өткізе алады.