Блогер Шайхтың миллион теңгеге сатылған бизнес-турлары тексеріліп жатыр
Экономикалық тергеп-тексеру департаменті көпшілікке Шайх есімімен танылған блогер Еркежан Шайхиеваның бизнес-турларына қатысты тергеп-тексеру әрекетін бастады.
Астана, NEGE. Бұл туралы заңгер Анна Чернова хабарлады. Оның мәлімдеуінше, блогер қатысушы басына 1-1,2 млн теңге тұратын Қытайға топтық бизнес-турлар сатқан. Сондай-ақ турлардың нақты күндері белгіленіп, бағдарламасы әзірленген, ортақ чат ашылып, орын брондау, қатысушыларды алып жүру және сапардан кейін қолдау көрсету қызметі ұсынылған.
«Бұл жағдайда Қылмыстық кодекстің 214-бабында көзделген заңсыз кәсіпкерлік құқықбұзушылық белгілері болуы мүмкін деп ойлаймыз», – деп жазды заңгер әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.
Чернованың пікірінше, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті Шайхиевада мұндай қызметпен айналысу құқығы бар-жоғын тексеруі тиіс.
Сондай-ақ ол турға ақша алынғанын, іс материалдарында «топтық тур» деп нақты көрсетілген 200 мың теңгелік фискалдық чек бар екенін айтады. Дәл осындай сомаға рәсімделген басқа да чектер анықталған. Соның бірі, заңгердің мәлімдеуінше, «әйелдер киімі» деген атаумен, тағы бірі маусым айындағы турға орын брондағаннан кейін «жарнама орналастыру» ретінде рәсімделген.
Чернованың есептеуінше, егер бір адамның қатысу құны 1-1,2 миллион теңге болса, онда 15 адамнан тұратын бір топтың өзі бір сапардан 15-18 миллион теңге табыс әкелуі мүмкін. Егер мұндай турлар тұрақты түрде өткізілген болса, онда әңгіме қомақты қаржы туралы болуы мүмкін.
«Сондықтан Экономикалық тергеп-тексеру департаментінен қанша тур ұйымдастырылғанын, қанша адам қатысу ақысын төлегенін, ақшаны кім қабылдағанын, келісімшарттардың, лицензияның бар-жоғын, толық сомаға чек берілген-берілмегенін және бұл табыстардың ресми түрде көрсетілген-көрсетілмегенін тексеруді сұраймыз», – дейді Анна Чернова.
Еркежан Шайхиева Қытай, шопинг, сұлулық және саяхат тақырыптарында блог жүргізетін қазақстандық блогер әрі инфлюенсер. Сонымен қатар ол басқа инфлюенсерлер туралы сыни, өткір жазбаларымен танымал.