Білім гранттарына құжат қабылдау мерзімі жарияланды

Ғылым және жоғары білім министрлігі грант конкурсына құжаттар қабылдау биыл 13-20 шілде аралығында жүргізілетінін хабарлады.

ser-per.kz

Астана, NEGE. Ведомство мәліметінше, талапкерлер құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн түрде немесе виртуалды қабылдау комиссиялары я болмаса eGov порталы арқылы онлайн тапсыра алады.

Грант конкурсына қатысуға қажет құжаттар тізімі мынадай:

  • жеке куәлік;
  • ҰБТ сертификаты;
  • 3х4 көлеміндегі фото;
  • орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом;
  • жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу құқығын растайтын құжаттар;
  • B167 «Ұшу аппараттарын және қозғалтқыштарды ұшырып пайдалану» мамандығы үшін дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының медициналық куәландыруы қорытындысы.

Еске салсақ, 8 маусымда Ғылым және жоғары білім министрлігі негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындысын жариялады. Жалпы негізгі ҰБТ басталғалы талапкерлер 187 мың рет сынақ тапсырған. Оның ішінде тест тапсырушылардың 73%-ы қазақ тілін, 27%-ы орыс тілін таңдаса, тек 323 талапкер ғана ағылшын тілінде тапсырылған.

Төртінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балды жинаған.