15 ноября 2023 г. 1:19

БҚО-да 185 шақырым 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр

Фото:

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтіп саланың дамуына жаңа серпін беру керек екендігін алға тартқан болатын.

Алматы, NEGE. Осы бағытта облыста ауыл шаруашылығы жайылымдарын суландыру бағытында ұзындығы 185 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Өңір басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда ұзындығы 66 шақырым «Ащы-Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар, ұзындығы 43 шақырым «Азнабай-Тайпақ» каналын жөндеу жұмыстары жүргізілуде және ұзындығы 76 шақырымды құрайтын «Жайық-Шалқар» каналының жобалық құжаттамалары әзірленуде.

«Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, көршілес елден сатып алынатын Еділ суына тәуелділікті азайтуды көздейтін 178 шақырым Киров-Шежін суару суландыру жүйесін жаңғыртудың соңғы IV кезеңі аяқталды»,- деді өңір басшысы Нариман Төреғалиев.

Сондай-ақ, облыс әкімі сыйымдылығы 63 млн. текше метр Киров су қоймасы қайта жаңғыртылып жатқанын және сиымдылығы 28 млн. текше метр болатын Жалпақтал су қоймасын салу жоспарда бар екенін мәлімдеді.

Тегтер: