БҚО-да жаңа оқу жылына дейін 8 мектеп пайдалануға беріледі
Батыс Қазақстан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында сегіз жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев тамыз кеңесінде мәлімдеді.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, жаңа білім беру нысандарының жетеуі КПО компаниясының қолдауымен, біреуі бюджет қаражаты есебінен салынған.
Өңірде білім беру сапасын арттыру бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның бірі – бастауыш сынып оқушыларына арналған «Шахмат негіздері» курсы.
«Сапалы білім тек жаңа мектеп ғимаратымен өлшенбейді. Мектептің мүмкіндігі маңызды. Бірақ оның басты нәтижесін ұстаздың еңбегі мен білім сапасы көрсетеді. Сондықтан біз балалардың интеллектуалдық, шығармашылық және инженерлік қабілетін дамытуға да ерекше көңіл бөліп отырмыз», – деді Қайыржан Меңдіғалиев.
Оның айтуынша, соңғы үш жылда «Шахмат негіздері» жобасына 183 мектеп қатысқан. Алдағы оқу жылында облыстағы барлық мектептің бастауыш сыныптары аталған курспен қамтылмақ. 2025–2026 оқу жылында Батыс Қазақстан облысы мектептерге шахматтың вариативтік курсын енгізу бойынша республикада бірінші орынға шыққан.
Білім беру саласындағы тамыз кеңесінде мектепке дейінгі және орта білім жүйесінің нәтижелері де айтылды. Қазір облыста 571 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Оның 380-і мемлекеттік, 191-і жекеменшік. Бұл ұйымдарда 32 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің айтуынша, соңғы екі жылда өңірде 42 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылып, 3067 қосымша орын құрылған. Соның нәтижесінде балабақша кезегіндегі балалар саны шамамен 2 мыңға азайған.
«Бүгінде 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайызды, ал 2–6 жас аралығында 93,8 пайызды құрап отыр. Бұл – мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі міндетіміз – осы жетістікті сапа біліммен толықтыру», – деді Елдос Сафуллин.
Қазіргі таңда облыстағы 382 білім беру ұйымында 126 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 205 шағын жинақты мектепте 14 мыңға жуық бала оқиды.
Өңірде білім сапасының көрсеткіші де өскен. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64,2 пайызды құрап, бір жыл бұрынғы нәтижеден 1,1 пайызға артқан.
МОДО қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының білім сапасы республикалық орташа деңгейден жоғары болған. Атап айтқанда, оқу сауаттылығы бойынша өңір көрсеткіші республика деңгейінен 32 балға, жаратылыстану бағыты бойынша 24 балға, ал математикадан 12 балға жоғары нәтиже көрсеткен.