БҚО-да суару жүйелерін салуға бөлінген 251 млн теңгенің бір бөлігіне кәсіпкер үй сатып алған – ҚМА
Қаржылық мониторинг агенттігі Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына бөлінген бюджет қаржысы жымқырылғанын хабарлады.
Астана, NEGE. Тергеу мәліметінше, күдікті уәкілетті органға инвестициялық субсидия алуға құжаттар тапсырған. Онда «Агрокомплекс АРСЕН» және «ОнегеАгроСервис» ЖШС-лері арқылы Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару жүйелерін салуға жұмсалды деген шығын көрсетілген. Шығынды растау үшін жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған.
Осы құжаттардың негізінде күдіктінің бақылауындағы серіктестіктердің есепшоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылған.
«Кейін бұл ақша қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қаражаттың бір бөлігіне тұрғын үй сатып алынған. Соттың рұқсатымен аталған мүлікке тыйым салынды», – деп хабарлады ҚМА.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.